Заң сабақтары: Қостанай облысында оқушылар мен студенттердің құқықтық мәдениеті қалай қалыптасуда

Заң сабақтары: Қостанай облысында оқушылар мен студенттердің құқықтық мәдениеті қалай қалыптасуда

Қостанай облысында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жастардың құқықтық санасын қалыптастыруға бағытталған тәрбиелік сабақтар бағдарламасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бастама өскелең ұрпақ арасында құқықтық мәдениетті арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Жоба аясында облыстың мектептері мен колледждері қамтылып, оған прокуратура және полиция органдарының қызметкерлері, сондай-ақ сала ардагерлері тәлімгер ретінде белсенді түрде тартылуда. Бұл өз кезегінде жастарға тәжірибелік білім беріп, құқықтық мәселелерді нақты мысалдар арқылы түсіндіруге мүмкіндік береді.
Бағдарлама шеңберінде оқушыларға құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған сабақтар өткізіліп, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, нашақорлық пен құмар ойындарға тәуелділік қаупі, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы девиантты мінез-құлық мәселелері жан-жақты түсіндіріледі. Сабақтар интерактивті форматта ұйымдастырылып, тренингтер мен практикалық тапсырмалар арқылы оқушылардың белсенді қатысуы қамтамасыз етіледі.
Осы бағыттағы кезекті іс-шара Қостанай қаласындағы №8 орта мектепте өтті. Кездесу барысында оқушылармен ашық диалог орнатылып, құқықтық нормаларды сақтау, жеке жауапкершілік және заңға құрмет тақырыптары кеңінен талқыланды.
Аталған жоба – жастар арасында құқықтық мәдениетті нығайтуға, заңға құрметті қалыптастыруға және олардың саналы азамат болып қалыптасуына ықпал ететін маңызды бастамалардың бірі.