
Қостанай облысының Федоров ауданында «Су – тіршілік көзі» атты экологиялық квест ұйымдастырылып, аудан жастарын ортақ мақсат жолында біріктірді. Іс-шараның басты мақсаты – жастардың экологиялық мәдениетін арттыру, су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғаудың маңыздылығына назар аудару болды.
Аталған квестті «Федоров ауданының ішкі саясат бөлімі Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырды. Шара барысында қатысушылар су – жер бетіндегі тіршіліктің негізгі көзі екенін ойын форматында түсініп, экологиялық жауапкершіліктің мәнін тереңірек ұғынды.
Квестке аудан студенттерінен құралған командалар қатысып, бірнеше тақырыптық станциялардан өтті. Әр кезеңде зияткерлік тапсырмалар, шығармашылық байқаулар мен музыкалық сайыстар ұйымдастырылды. Бұл қатысушылардың тек білімін ғана емес, сондай-ақ креативті ойлау қабілеті мен топтық жұмыс дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.
Жарыс командалық форматта өтті. «Судың сақшылары» атағына үміткер екі команда берілген тапсырмаларды орындау барысында ұпай жинап, барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша жеңімпаз анықталды. Қатысушылар белсенділік танытып, әр кезеңде жоғары дайындық деңгейін көрсетті.
«Су – тіршілік көзі» эко-квесті – тек жарыс қана емес, жастарды біріктіріп, табиғатқа деген жауапкершілікті арттырған маңызды бастама болды. Шараға қатысқан студенттер мен белсенді жастар үшін бұл күн есте қаларлық тәжірибеге айналды.