
Қостанай облысында негізгі шикізат ретінде биоэтанолға негізделген экологиялық таза тұрақты авиациялық отын өндіретін зауыт салынады. Сонымен қатар экологиялық таза биоэтанол отынын өндіру бойынша инновациялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жөнінде Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов мәлімдеді.
Астанада өткен RES 2026 EXPO жасыл технологиялар және тұрақты шешімдер халықаралық көрмесі аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «KazFoodProducts» ЖШС және KBR (АҚШ) компаниясы Қостанай облысында тұрақты авиациялық отын (SAF – Sustainable Aviation Fuel) өндіру зауытын салуды базалық жобалау туралы келісімге қол қойды.
Тұрақты авиациялық отын (SAF) – бұл мұнай емес шикізаттан өндірілетін, әуе көлігінен шығатын көміртек қалдықтарын азайтатын экологиялық таза авиациялық отын. Қарастырылып отырған жоба аясында SAF өндіру үшін негізгі шикізат ретінде биоэтанол («этанолдан авиакеросинге» немесе «alcohol-to-jet» процесі) қолдану көзделуде.
Еуропалық одақтың «жасыл» экономиканы дамыту және көміртек ізін азайту саясаты аясында SAF үлесін кезең-кезеңімен арттырудың міндетті нормалары белгіленген: 2025 жылы 2%-дан 2050 жылға қарай 70%-ға дейін.
«KazFoodProducts» ЖШС сондай-ақ жылына 412 мың тонна бидайды терең өңдеуге арналған қуаты бар биоэтанол өндіретін жаңа зауыттың құрылысын бастады.
Бұл зауытта өндірілетін биоэтанол SAF өндіруде шикізат ретінде пайдаланылатын болады.
Жоғарыда аталған зауыттарды салуға 151 млрд теңге бағытталады.
KBR компаниясы әлем бойынша мемлекеттік құрылымдар мен компанияларға ғылыми, технологиялық және инжинирингтік шешімдер ұсынады. Компания 80-нен астам елдегі клиенттерге қызмет көрсетеді және 29-дан астам елде операциялық қызмет жүргізеді.
«Жасыл» энергия – экономикалық өсім мен экологиялық қауіпсіздіктің негізі
«Жасыл» энергетика саласындағы тағы бір жоба – қуаты 1000 МВт болатын жел электр станциясының құрылысы. Жобаны «Turan Wind Energy» ЖШС жүзеге асырады. Ол жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған. Құрылыс аясында әрқайсысының қуаты 6,25 МВт болатын 160 жел генераторын орнату жоспарлануда. Инвестиция көлемі 468 млрд теңге деп бағаланып отыр.
«Ең маңыздысы, жел электр станциялары жоғарыда аталған биоэтанол және авиациялық отын өндіретін зауыттарды энергиямен қамтамасыз етеді», – деп атап өтті өңір басшысы.
Осылайша, Қостанай облысында «жасыл» экономикаға тиімді көшу – бірегей жобаларды жүзеге асырудың арқасында мүмкін болмақ. Биоэтанол, SAF және ЖЭС салуға бағытталатын 620 млрд теңгеге жуық қаражат өңірдің экологиялық тазалығын қамтамасыз етуге, табиғи әлеуетін сақтауға, сондай-ақ болашақта өңіріміз бен еліміздің экономикалық жағынан тұрақты дамуына салынған инвестиция болмақ.