Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту – маңызды қадам

Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту – маңызды қадам

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жылыту маусымының аяқталу қарсаңында Қостанай қаласындағы көпқабатты тұрғын үйдің жылумен жабдықтау желілерінің жай-күйімен танысты.

«Мемлекет басшысы жылыту маусымын кедергісіз өткізу туралы бірнеше рет тапсырма берген. Біздің облыста жылыту маусымы штатты режимде өтуде. Ірі апаттар тіркелмеді. Болған жағдайда да олар жылу сапасына әсер етпеді. Бұл, әрине, алдын ала жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесі. Бұл өткен жылыту маусымында қазандық жабдықтарына байланысты және магистральдық желілердегі апаттық жағдайлар орын алғанын ескере отырып, біз дұрыс қорытынды жасағанымызды көрсетеді», – деді аймақ басшысы.

Мемлекет басшысы энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртудың маңыздылығын ерекше атап өтеді. Ол 2029 жылдың қорытындысы бойынша жылумен жабдықтау желілерінің тозуын 42%-ға дейін төмендету міндетін қойды.

Жыл сайын жылумен жабдықтау нысандары мен инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға қомақты қаржы бөлінуде. Нәтижесінде:

жылу желілеріндегі ақаулар саны 84%-ға азайды: 2022–2023 жылғы маусымдағы 830 жағдайдан осы жылыту маусымында 134 жағдайға дейін төмендеді; тозу деңгейі 2022 жылғы 50%-дан 2025 жылы 43%-ға дейін қысқарды.

Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі Ұұлттық жоба аясында бұл жұмыс әрі қарай да жалғасады. Ал қазіргі маусым аяқталуға жақындаған тұста келесі жылыту кезеңін сәтті бастау үшін қажетті қадамдарды қазірден жоспарлау маңызды.

«Келесі тоқталғым келетін мәселе – тариф мәселесі. Халық жылу, су және электр энергиясы үшін нақты тұтынған көлемі бойынша төлеуі тиіс. Бұл тек «ақылды» есептеу құралдарын орнату арқылы мүмкін болады. Егер стационарлық есептегіш құралдармен қамту деңгейі жоғары болса, автоматтандырылған жүйелер бойынша біз әлі бастапқы кезеңдеміз. Қазіргі таңда облыста мұндай есептегіштерді орнату қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, 2023 жылы 433 үйге орнатылса, 2025 жылы 1 132 үйге орнатылып, шамамен 3 есеге өсті. Есептегіштерді орнату тұрғындарға жылу қызметін үнемдеуге мүмкіндік береді. Алайда бізде бұл мүмкіндік толық пайдаланылып жатқан жоқ. Мысалы, көктемгі жылы күндер басталғанда көптеген тұрғындар терезелерін ашып, жылуды сыртқа шығарады, яғни «көшені жылытады». Соған қарамастан, жылу үшін толық көлемде төлем жасайды. Бұл дұрыс емес», – деді Құмар Ақсақалов.

Халықта пәтерішілік және жалпыүйлік есептегіш құралдар болуы тиіс. Олар автоматтандырылған болуы қажет, яғни көрсеткіштер адам араласуынсыз қашықтан берілуі керек. Бұл деректерді бұрмалау, нақты көрсеткіштермен сәйкессіздік және соның салдарынан қызмет құнының негізсіз жоғарылауын болдырмайды. Ал мұндай жағдайлар халықтың сенімсіздігіне, наразылығына және төлем жасаудан бас тартуына әкеледі.

«Біздің міндетіміз – жылу есептеу тораптарын барынша көп орнату. Бұл іске кәсіпорындар мен жергілікті өндірушілер де белсенді қатысуы тиіс. Облыс аумағында мұндай кәсіпорындар бар. Барлық бұл шаралар үнемдеуге бағытталған. Қазіргі жылыту маусымында бір көпқабатты үйден 890 мың теңгеден астам үнемделді. Бұл – тұрғындардың қалтасында қалатын қаражат», – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, жылу өндіруші кәсіпорындар да аз шығын жұмсайтын болады. Есептегіштер саны артқан сайын отын шығыны мен жылу шығындары да азаяды. Бұл жылуды 100% есепке алу кезінде мүмкін болады.

Есептеу құралдарын орнату жұмыстары осы қарқынмен жалғасады. Бұл алдағы 5 жыл ішінде 100% қамтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.