
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Рудный қаласында алғашқы жалпы қалалық сенбілік ұйымдастырылды.
Ауқымды тазалық шарасына мыңға жуық адам қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың қызметкерлері, жастар, еріктілер және қала тұрғындары бар. Әртүрлі буын өкілдері бір мақсатқа бірігіп, туған қаланың тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.
Сенбілік барысында қала аумағында тазалық жұмыстары жүргізіліп, көшелер, аулалар мен қоғамдық орындар қоқыстан тазартылды. Нәтижесінде шамамен 280 тонна қоқыс жиналып, арнайы полигондарға шығарылды. Жұмыстарға 18 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.
Іс-шара барысында ардагерлер ұйымының белсенділігі ерекше атап өтілді. Олар өздерінің азаматтық ұстанымдары мен туған жерге деген жанашырлықтарын нақты істерімен көрсетті.
Мұндай игі бастамалар қаланың санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етеді.