
Арқалық қаласында тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Мемлекет басшысының халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында биыл тағы бір маңызды жоба жүзеге асты.
Атап айтқанда, Шақшақ Жәнібек көшесі, №51 мекенжайында орналасқан 18 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріліп, баспанаға мұқтаж отбасылар қоныс тойын атап өтуде.
Айта кету керек, бұл бағыттағы жұмыстар қалада кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. 2025 жылы Байтұрсынов көшесі, №13 мекенжайындағы 48 пәтерлі тұрғын үй жөндеуден өткізіліп, халықтың әлеуметтік осал топтарына берілген болатын. Ал 2026 жылы Байтұрсынов көшесі, №12 мекенжайында орналасқан 55 пәтерлі тұрғын үй 983 миллион теңгеге сатып алынып, тиісті санаттағы азаматтарға табысталды.
Жаңа пайдалануға берілген көппәтерлі тұрғын үй де заман талаптарына сай толықтай қайта жаңғыртудан өтті. Нысан әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 281 миллион 967 мың теңгеге сатып алынған. Үйде 12 екі бөлмелі және 6 үш бөлмелі пәтер қарастырылған.