Қостанайдың автопаркі 81%-ке жаңарды

Қостанайдың автопаркі 81%-ке жаңарды

Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов  «Альтаир» ПК жаңа автобустарымен танысты.

Бүгінгі күні облыс орталығында 38 маршруттан тұратын дамыған маршруттық желі жұмыс істейді. Күн сайын желіге 187 автобус шығады, олардың 73%-ы – пайдалану мерзімі 7 жылдан аспайтын көліктер.

Соңғы 3 жылда лизинг арқылы 90 жаңа автобус сатып алынды, оның ішінде өткен жылы – 28 автобус.

Ағымдағы жылы «Альтаир» ПК тасымалдаушысы Yutong маркалы 12 жаңа автобусты 5 жыл мерзімге 7% мөлшерлемемен Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы лизингке алды.

«Қоғамдық көлікті жаңарту және жолаушыларды тасымалдау ыңғайлы әрі қолжетімді қалалық ортаны қалыптастыруда басым бағыт болып қала береді. Соңғы жылдары мемлекеттің қолдауымен жүйелі жаңғырту басталды: тасымалдаушылар лизинг тетігі арқылы жаңартылған, заманауи автобустар алуда. Автобус паркін жаңарту нәтижесінде пайдалану мерзімі 7 жылдан аспайтын қоғамдық көліктердің үлесі 8%-ға артып, 81%-ды құрады», – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысының сөзінше, мақсат – автобустар санын көбейту емес, бүкіл жүйені сапалы түрде өзгерту: қозғалыс тұрақтылығын қамтамасыз ету, жайлылық деңгейін арттыру, әлеуметтік маңызы бар нысандар мен жаңа шағын аудандарды көлікпен қамту.

Сонымен қатар, тасымалдаушылар қозғалыс кестесін сақтау, тәртіпті қамтамасыз ету және қызмет көрсету мәдениетін арттыру бойынша міндеттерін толық орындауы тиіс.

Айта кету керек, бүгінгі таңда тұрғындар заманауи цифрлық сервистерге қол жеткізуде – мобильді қосымша арқылы автобустардың қозғалысын нақты уақыт режимінде қадағалап, өз маршруттарын жоспарлап, уақыттарын үнемдей алады.

Бұл тек қолайлы сервис емес, сонымен қатар тасымалдаушылар жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады.