Алтынсарин ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясындағы іс-шаралар басталды

Алтынсарин ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясындағы іс-шаралар басталды

Қостанай облысының Алтынсарин ауданында ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бірқатар іс-шараларға бастау берілді.

Аталған шаралардың бірі ретінде «Қар десанты» акциясы ұйымдастырылып, оның аясында жеке тұрғын үйлердің аулалары мен іргелес аумақтарын тазарту жұмыстары жүргізілуде. Акцияға ауданның барлық ауылдық округтерінің тұрғындары, жастар, қоғамдық ұйымдар мен еріктілер белсенді қатысуда.

Іс-шара ауданның барлық елді мекендерінде бір мезгілде өткізілді, бұл тұрғындарды кеңінен қамтып, олардың белсенділігін арттыруға мүмкіндік берді.

Өткізіліп жатқан шаралардың басты мақсаты – қоршаған ортаның тазалығына назар аударту, сондай-ақ әрбір азаматтың өз тұрғылықты жерінің тазалығы үшін жауапкершілігін қалыптастыру.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қоғам болып жұмылғанда ғана тұрақты экологиялық мәдениетті қалыптастырып, табиғи ресурстарды болашақ ұрпақ үшін сақтауға болады.

«Таза Қазақстан» бастамасы тұрғындарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға үндеп, таза әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады.