Қостанай облысында Наурыз мейрамын мерекелеу

Қостанай облысында Наурыз мейрамын мерекелеу

Қостанай облысында Наурыз мейрамы кең көлемде және жоғары деңгейде атап өтілді. Биыл өңір мерекені ұйымдастыруда заманауи әрі креативті тәсілді көрсетіп, бай мәдени мұраны озық цифрлық технологиялармен үйлестірді.

Мерекенің басты ерекшелігі — геймификация элементтерін енгізу және заманауи IT-шешімдерді пайдалану болды. Жалпы облыс бойынша ұлттық дәстүрлерді интерактивті форматта насихаттауға бағытталған 50-ден астам цифрлық жоба жүзеге асырылды. Тұрғындар мен қонақтар мерекелік іс-шараларды тамашалап қана қоймай, цифрлық платформалар мен ойын элементтері арқылы белсенді қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Іс-шаралардың ауқымы кең болды: 150 мыңнан астам адам офлайн форматта қатысса, 600 мыңнан астам қолданушы онлайн кеңістікте мерекеге қосылды.

Мерекелік атмосфераны облыстың барлық қала мен аудандарында тігілген 340 тақырыптық киіз үй айшықтай түсті. Сонымен қатар, 170 LED-экранда мерекелік бағдарламалар, мәдени жобалар және интерактивті контенттер көрсетілді.

Кең ауқымды мәдени бағдарлама аясында 150 өнерпаз өнер көрсетті. Олардың қатарында «Қыран» тобы, Қайрат Түнтеков және «1465» этнотобы бар. Өнер иелерінің өнер көрсетуі ұлттық мәдениет пен заманауи форматтардың үйлесімді сабақтастығын айқын көрсетті.

Қостанай облысында өткен Наурыз мейрамы ұлттық дәстүрлердің цифрлық кеңістікке сәтті бейімделе алатынын, өз болмысын сақтай отырып, жаңа форматта кең аудиторияға ұсынылуының жарқын үлгісіне айналды.