Лисаков қаласында «Тіл мен дәстүр» атты қалалық отбасылық фестивалі өтті

Лисаков қаласында «Тіл мен дәстүр» атты қалалық отбасылық фестивалі өтті

Наурызнама онкүндігі аясындағы 17 наурыз – Шаңырақ күніне орай Лисаков қаласында «Тіл мен дәстүр» атты қалалық отбасылық фестивалі ұйымдастырылды.
Фестивальдің басты мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және ұлттық салт-дәстүрді жас ұрпақтың бойына сіңіру.
Байқау барысында қатысушы отбасылар бірнеше кезең бойынша өз өнерлері мен шығармашылық қабілеттерін таныстырды. Атап айтқанда, «Таныстыру» кезеңінде әр отбасы креативті таныстырылым жасап, өздерінің отбасы құндылықтары мен ерекшеліктерін көрсетті. «Отбасы — қуаныштың бастауы» кезеңінде қатысушылар ән, би және қолөнер арқылы отбасының өнерін паш етті.
Сонымен қатар, «Мақал – сөздің мәйегі» кезеңінде жасанды интеллект көмегімен дайындалған бейнероликтер арқылы мақал-мәтелдерді тауып, олардың мағынасын түсіндіру тапсырмасы орындалды. Ал «Салт-дәстүр – ұлттық рухтың тайқазаны» кезеңінде қазақ халқының салт-дәстүрлері сахналық көрініс арқылы көрермен назарына ұсынылды.
Фестиваль барысында кезеңдер арасында концерттік нөмірлер ұсынылып, мерекелік атмосфера қалыптасты.

Осындай игі шаралар ұлттық құндылықтарды насихаттап, отбасы институтының маңызын арттыруға, сондай-ақ қоғамдағы бірлік пен рухани сабақтастықты нығайтуға ықпал етеді.