Аймақ басшысының Қостанай ауданына жұмыс сапары

Аймақ басшысының Қостанай ауданына жұмыс сапары

Бүгін аймақ басшысы Құмар Ақсақалов Қостанай ауданына жұмыс сапарымен барды.

Мемлекет Басшысының үш жыл ішінде Агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңделген өнім үлесін 70%-ке дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасы облыста жоспар бойынша орындалуда.

«2024 жылы «Костанай бекіресі» серіктестігі жүзеге асырған жоба бойынша былтыр 15 тонна бекіре балығы өндірілді, бұл облыс тұрғындарының осы балық түріне деген сұранысының 35%-ін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Еліміздің солтүстік өңірлерінде бұл теңдесі жоқ жоба», – деді облыс әкімі.

Қазіргі уақытта серіктестік форель өсіру фермасын, оны өңдеу цехын және сақтауға арналған тоңазытқыш қоймасын салу жобасын жүзеге асырып жатыр.

Ел Президенті азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтаудың заманауи инфрақұрылымын құру қажеттілігін бірнеше рет атап өтті.

Заречный ауылында «Халық Агро КСТ» ЖШС сыйымдылығы 5,2 мың тонналық микроклимат және желдету жүйелерімен жабдықталатын көкөніс сақтау қоймасының жобасын қолға алды. 

Сонымен қатар, серіктестік өз қаражаты есебінен жеміс сақтау қоймасын, өнімді өңдеу, жуу және брендтеу цехын және әлеуметтік қойма құрылысын жоспарлап отыр.

Облыс бойынша жалпы сыйымдылығы 87 мың тонна болатын қоймалар бар, оның тек 46,5 мың тоннасы климаттық бақылау жүйесімен жабдықталған.