
Қостанайда «Аймақтың экономикалық дамуы: салалараралық диалог» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.
Сала басшылары, кәсіпкерлер, қаржы мекемелерінің өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары бас қосқан жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, жаңа Конституция жобасы талқыланды.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов алдағы референдумның ашық әрі әділ өтуі маңызды екенін атап өтіп, жаңа Конституцияның басты қағидалары адами капиталды дамытуға, азаматтық құндылықтарды қорғауға бағытталғанын баса айтты.
«15 наурызда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша республикалық референдум өтеді. Конституцияның преамбуласында алғаш рет адамға деген құрмет, жауапкершілік және әділдік қағидаттары негізгі құндылықтар ретінде көрсетіліп отыр. Бұл мемлекеттік саясаттың басты басымдығы – адам, оның құқықтары мен өмір сүру сапасы екенін айқындайды», – деді аймақ басшысы.
Облыс басшысының айтуынша, өңір экономикасы өркендеген сайын, халықтың әл-ауқаты артып келеді. Көптеген жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың табысы едәуір өскен. Заманауи инфрақұрылымның өрісі кеңейіп, жастардың сапалы білім алуына қажет жағдайдың бәрі жасалып отыр.
«Соңғы жылдары мемлекет білімге, ғылымға, инновацияға, ең бастысы – адам капиталын дамытуға айрықша көңіл бөлуде. Жаңа Конституцияның Преамбуласында алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде адамға деген құрмет, жауапкершілік пен әділеттілік қағидаттары қойылып отыр. «Адам – мемлекет үшін емес, мемлекет – адам үшін» деген ұстаным мемлекеттің барлық саясатының өзегіне айналуда», – деді Құмар Ақсақалов.
Инвестиция тарту мақсатында облыста жалпы құны 2,4 трлн теңгені құрайтын 79 жобадан тұратын пул қалыптасты. Онда 13,2 мың жаңа жұмыс орнын ашуды көзделген.
2025 жылы 337,3 млрд теңге көлемінде 12 индустриялық жоба іске қосылып, 3,5 мың жаңа жұмыс орны құрылды.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне көрсетілген мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы екі жылда өндіріс көлемі 48%-ға артты.
Мал шаруашылығын одан әрі дамыту үшін биыл жайылымдық мал шаруашылығы жобаларын іске асыруға және жайылым инфрақұрылымын дамытуға 50 млрд теңге қарастырылған.
Соның арқасында аймағымыз агроөнеркәсіптік кешенінің өңделген өнімдерін экспорттау көлемі жағынан республикада көшбасшы болып қала береді.
Өңірдегі жоғары оқу орындарының базасында әлемнің жетекші университеттерімен қос диплом білім беру бағдарламалары іске қосылды. Машина жасау, металлургия және тау-кен ісі, экономика және құрылыс, энергетика және ақпараттық жүйелер салаларында Жоғары мектептер, колледждерде кадрларды алдын ала даярлау үшін 21 жаңа мамандық ашылған.
«Мемлекет Басшысы атап өткендей, «Әділетті Қазақстан – әр өңірден, әр ауылдан, әр азаматтың өмірінен басталады». Алда үлкен саяси науқан күтіп тұр. Ол еліміздің ертеңіне тікелей байланысты шешімдер болмақ. Барша қостанайлықтарды жаңа Конституция жобасын қолдап, ел жаңғыруына өз үлесін қоса береді деп сенемін», – деді облыс әкімі.
Алқалы кеңесте облыстық мәслихат төрағасы Сайлаубек Ещанов, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өңірлік филиалының директоры Ренат Дәулетбаев «Еуразия банкі» филиалының директоры Қырмызы Жаңбыршина сөз сөйлеп, жаңа Конституция тетіктерін баяндады.