
Қостанай қаласында «ЖАС ҒАЛЫМ–2026» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы ұйымдастырылып, білім мен ғылым саласының өкілдерін бір алаңға тоғыстырды.
Конференцияның негізгі мақсаты — студенттер мен педагогтердің зерттеушілік құзыреттілігін дамыту, ғылыми-зерттеу және ғылыми-практикалық жетістіктерді насихаттау, сондай-ақ білім беру үдерісіне қатысушылар арасында кәсіби және әдістемелік тәжірибе алмасуды қамтамасыз ету.
Ауқымды шараны ҚИнЭУ колледжі облыстық әдістемелік орталықпен бірлесіп ұйымдастырды. Аралас форматта өткен онлайн конференцияға Қостанай облысының 19 колледжі, республиканың 45 колледжі, сондай-ақ Ресей Федерациясының Барнаул, Оренбург және Поволжье қалаларындағы арнайы білім беретін мемлекеттік оқу орындары қатысты.
Конференцияға 300-ден астам ғылыми жоба келіп түсті. 9 секция бойынша жұмыс ұйымдастырылып, қатысушы педагогтер облыстық оқу-әдістемелік кеңес отырысының қорытындысы негізінде ұсынылған оқу-әдістемелік материалдар мен авторлық бағдарламалар аясында шеберлік сабақтарын өткізді.
Аталған секциялардың жұмысы Қазақстан Республикасының Конституциясы аясында ерекше өзектілікке ие болды. Жаңартылған Негізгі заң адам капиталын, ғылымды, білім мен инновацияны дамытуды басым бағыт ретінде айқындап, жастардың елдің әлеуметтік-экономикалық жаңғыруына белсенді қатысуын бекітеді. Осыған байланысты конференция барысында конституциялық қағидаттардан туындайтын өзекті мәселелерге, соның ішінде жас ғалымдарды қолдау, ғылыми бастамаларды дамыту және білім беру үдерісіне заманауи технологияларды енгізу бағыттарына баса назар аударылды.
Осылайша, «ЖАС ҒАЛЫМ–2026» конференциясы жаңа Конституция нормаларының жастардың ғылыми және инновациялық әлеуетін ашуға институционалдық негіз қалыптастырудағы рөлін талқылайтын маңызды алаңға айналды. Сонымен қатар ғылым мен технологияларды жаңғырту арқылы ел дамуына серпін беретін нақты қадамдарды айқындауға мүмкіндік берді.
Халықаралық деңгейде өткен жиын ғылыми жобаларды таныстыруға, білім, ғылым және технология салаларындағы заманауи сын-қатерлер мен үрдістерді талқылауға, кәсіби байланыстарды нығайтуға және академиялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған тиімді диалог алаңы болды.