Науырзым ауданында "Қарлы десант" акциясы өтті

Науырзым ауданында "Қарлы десант" акциясы өтті

Науырзым ауданы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен еріктілердің қатысуымен «Қарлы десант» акциясы өтті. Іс-шара Еріктілер жылының ресми ашылуына арналды.
Акция барысында 2026 жылдың Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы тарапынан Тұрақты даму мүддесіндегі Халықаралық еріктілер жылы (IVY 2026) болып жарияланғаны және аталған бастаманың авторы – Қазақстан екені ресми түрде хабарланды. Бұл шешім еріктілік қызметтің қоғамдағы рөлін арттыруға, азаматтық белсенділікті дамытуға және ел игілігі жолындағы игі бастамаларды қолдауға бағытталған.
Еріктілер жылының ресми ашылуынан кейін жастар нақты іспен өз үлестерін қосты. Акция аясында жалғыз тұратын Добровольский отбасына және Жұмашева Ж. апайдың шаңырағына барып, әлеуметтік көмек көрсетті. Атап айтқанда, ауладағы қарды тазалады, отынға ағаш жарып берді, көмір кіргізіп, қысқы отынды реттеуге жәрдемдесті.

«Қарлы десант» акциясы – бір күндік шара ғана емес. Бұл – аға буынға құрмет көрсетудің, жанашырлық пен жауапкершіліктің нақты көрінісі. Мұндай бастамалар қоғамда өзара қолдау мәдениетін қалыптастырып, жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға ықпал етеді.
Науырзым ауданының жастары алдағы уақытта да қайырымдылық және әлеуметтік бағыттағы іс-шараларды тұрақты түрде жалғастырып, қоғам игілігі үшін аянбай еңбек етуді мақсат етеді.