
Қостанай облысы әкімдігі мен Полиция департаментінің бірлескен кеңесі өтті. Кеңейтілген жиынның басты тақырыбы – елімізде жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» бағдарламалары.
2025 жылғы 5 қарашада Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекітті. Бұл құжатта «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі қағидаттар болып белгіленді. Енді міне Жаңа Конституция жобасында да осы қағидаттар конституциялық деңгейде бекітілетін болады.
«Ел Президентінің бастамасымен өңірде «Заң және тәртіп» қағидаты кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соңғы 5 жылда қылмыс деңгейі 40%-ке төмендеді. Қоғамдық орындар мен көшелерде жасалатын қылмыстар саны екі есеге азайды. Қауіпсіздікті цифрландыру аясында Жедел басқару орталықтарының жүйесі қарқынды дамуда. 2025 жылы аталған жүйелердің көмегімен шамамен 63 мың құқық бұзушылық анықталып, 370-тен астам қылмыс ашылды. Соңғы 5 жылда облыстағы бейнебақылау камераларының саны 3,3 мыңнан 46,9 мыңға дейін өсті», – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Жаңа Конституция жобасындағы табиғатты аялау және оған жауапкершілікпен қарау қағидаты «Таза Қазақстан» бағдарламасымен тікелей үндеседі.
Өңірімізде 2024 жылдан бері елді мекендерді абаттандыру, сәулеттік келбетін жақсарту, қараусыз қалған ғимараттарды, өндірістік үй-жайларды реставрациялау және қалпына келтіру, аумақтарды тазарту, көгалдандыру, жарықтандыру, сондай-ақ халықты экологиялық тәрбилеу бойынша ауқымды жұмыстар басталды.
Өткен жылы облыста 108 көпқабатты үйдің күрделі жөндеуі өткізілді, 80 саябақ пен скверге абаттандыру жұмыстары жүргізілді, 144 мың жасыл желек отырғызылды, 164 балалар және спорт алаңдары, 6 мыңнан астам баған орнатылды.
«Таза Қазақстан» бастамасын тиімді жүзеге асыруға облыс экономикасының тұрақты өсімі оң ықпал етуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңір экономикасының өсімі кемінде 8% деңгейінде болады деп күтілуде. Бұл көрсеткіш республикалық орташа деңгейден (6,5%) жоғары. Автожол саласын қаржыландыру жыл сайын артуда. Былтыр 103 млрд теңге бөлінген, бұл 2024 жылдан 40%-ке, ал 2022 жылға қарағанда 2,6 есе артық. 1 300 шақырым автожол, сондай-ақ облыстың 103 елді мекеніндегі 400-ден астам көше және ауылдық елді мекендерге апаратын 81 жуық кіреберіс жол жөнделді. Ауылдық жерлердегі 80 619 ауланың 80%-не су кіргізілді. Өткен жылы аймақта 51 әлеуметтік нысан салынды», – деп атап өтті аймақ басшысы.