Амангелді ауданында «SMART BALA» жобасы өтті

Амангелді ауданында «SMART BALA» жобасы өтті

Амангелді ауданында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында аудандық «SMART BALA» жобасы – «Жас өнертапқыштар әлемінде» тақырыбында жоба байқауы ұйымдастырылды.
Аталған білім бәйгесі оқушылардың шығармашылық қабілетін шыңдауға, ғылыми ізденісін қолдауға және инновациялық ойлауын дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды. Жоба аясында жас буынның цифрлық сауаттылығын арттыру, инженерлік ойлау қабілетін жетілдіру, заманауи технологияларды тиімді қолдана алатын көшбасшы ұрпақ қалыптастыру және жобалық жұмыс жасау дағдыларын дамыту көзделді.
Байқауға ауданның 11 мектебінен 19 оқушы қатысып, өз жобаларын қорғады. Зияткерлік сайыс екі аталым бойынша өткізілді: «Цифрлық жоба» және «SMART POSTER».
Байқауға ұсынылған жұмыстар мазмұны жағынан алуан түрлілігімен ерекшеленді. Қатысушылар смарт-мектеп макеттерін, экологиялық бағыттағы инновациялық жобаларды, IT және робототехника саласындағы тың идеяларды, цифрлық қауіпсіздік пен жасанды интеллектке негізделген бастамаларды таныстырды.
Жобаларды қорғау кезеңі жоғары деңгейде өтіп, ерекше тартысқа толы болды. Әділқазылар алқасы қатысушылардың жұмыстарын жаңашылдығы, практикалық маңыздылығы, ғылыми негізділігі, безендірілу сапасы және қорғау шеберлігі бойынша бағалады.
Аудандық «SMART BALA» жобасы – дарынды оқушыларды қолдауға, олардың ғылыми-техникалық әлеуетін арттыруға және білім беру саласында заманауи трендтерді енгізуге бағытталған жүйелі жұмыстың нақты көрінісі. Осындай бастамалар өскелең ұрпақтың зияткерлік дамуына серпін беріп, болашақ инженерлер мен өнертапқыштардың қалыптасуына жол ашады.