
2026 жылғы 20 ақпанда Қостанай облысының бірқатар ауданында республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында экологиялық және әлеуметтік бағыттағы іс-шаралар өтті. Аталған бастамалар еріктілер қозғалысын дамытуға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталды.
Қарабалық ауданында Қазақстан Республикасының бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған Халықаралық еріктілер жылының салтанатты ашылуы өтті. Ресми бөлімнен кейін еріктілер «Қарлы десант» акциясына қатысып, жалғызбасты аналар мен зейнеткерлер тұратын 12 ауланы қардан тазартты. Акцияға 25 ерікті қатысып, мемлекеттік құрылымдар мен жастардың тиімді өзара іс-қимылының үлгісін көрсетті.
Қостанай қаласында Жастар сарайы базасында облыстық «Қарлы десант» еріктілер акциясы өтті. Қостанай облыстық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған шара аясында студент-еріктілер 25 мекенжай бойынша жалғыз тұратын зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың аулаларын қардан тазартты. Дана Токжанова – Қостанай облысының Жастар ресурстық орталығының ақпараттық-әдістемелік сектордың жетекшісі былай деді:
«Әрбір қардан тазартылған аула – бұл тек үйге қамқорлық емес, сонымен қатар қоғамымыздағы бірлік пен қолдауды нығайтуға жасалған кішкентай қадам. Біздің еріктілеріміз белсенді жастар шын мәнінде адамдардың пайдасына нақты істер атқара алатынын көрсетеді».
Акция әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға және өзара көмек мәдениетін дамытуға септігін тигізді.
Федоров ауданында «Заттарға екінші өмір» атты экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – жастар арасында саналы тұтыну қағидаттарын дәріптеу және қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру. Қатысушылар экологиялық өзекті мәселелерді талқылап, заттарды қайта пайдалану тәсілдерімен танысты және тақырыптық белсенділіктерге қатысты.
Жітіқара ауданында Абай атындағы мектеп-лицейінде «Таза Қазақстан» бағдарламасының іске асырылу барысына арналған кездесу өтті. Іс-шара барысында абаттандыру, көгалдандыру, рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою, инфрақұрылымды дамыту және қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту бойынша атқарылған жұмыстар таныстырылды. Сонымен қатар, оқушылар мен әлеуметтік серіктестердің экологиялық бастамаларға белсенді қатысуы атап өтілді.
Өткізілген іс-шаралар өңірде «Таза Қазақстан» бағдарламасының жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын, қоғам белсенділігінің жоғары деңгейін және билік органдары, жастар мен тұрғындардың абаттандыру, экологиялық жауапкершілік пен әлеуметтік қолдау бағытындағы бірлескен күш-жігерін айқын көрсетті.