
Арқалық қаласында отбасылық құндылықтарды нығайтуға және тұрғындарға кешенді көмек көрсетуге бағытталған Отбасын қолдау орталығы өз жұмысын бастады. Жаңа мекеме отбасы институтын дамытуға, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетуге арналған.
Орталықтың қызметі отбасыларға әлеуметтік, психологиялық, құқықтық және ақпараттық көмек көрсетуге бағытталған. Қызметтік құрамы 6 бөлімшеден тұрады. Атап айтқанда, психологиялық көмек көрсету, құқықтық кеңес беру, жастар және ата-аналармен жұмыс, әлеуметтік қолдау, медиация және даулардың алдын алу, сондай-ақ қоғаммен және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс бөлімшелері жұмыс істейді.
Орталық түрлі мемлекеттік мекемелермен және үкіметтік емес ұйымдармен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Бұл өз кезегінде отбасыларға кешенді әрі нәтижелі көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары, ішкі істер органдары және өзге де құрылымдармен өзара іс-қимыл жасау дағдарыстық жағдайларға жедел әрекет етуге және қиын жағдайға тап болған отбасыларға сапалы қызмет көрсетуге жол ашады.
Мекеме өз жұмысын қолжетімділік, құпиялылық және әрбір отбасыға құрметпен қарау қағидаттары негізінде жүзеге асырады. Бұл ұстанымдар мамандардың қызметінде сенімділік атмосферасын қалыптастырып, азаматтардың жеке мәліметтерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және отбасылардың өз мәселелерін ашық түрде шешуіне ықпал етеді.