«Астана» шағын ауданында жаңа тұрғын үйлердің кілттері тапсырылды

«Астана» шағын ауданында  жаңа тұрғын үйлердің кілттері тапсырылды

Жаңа 43 баспана иелерінің 70 пайызы – әлеуметтік аз қамтылған отбасылар.

Қостанай қаласы агломерациясындағы «Астана» шағын ауданында жаңа пәтер иелерінің қатарында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектігі бар азаматтар, көпбалалы және толық емес отбасылар бар.

Пәтерлердің барлығы таза әрленген күйде тапсырылып отыр, көпқабатты үй қажетті инженерлік коммуникациялармен толық қамтамасыз етілген.

«Мемлекет басшысы тұрғын үй құрылысы саласына ерекше назар аударып келеді. Соңғы үш жылда өңірде 1,5 млн шаршы метрден астам баспана салынды. Тек өткен жылы облыс бойынша 517,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның 63,7 мың шаршы метрі ауылдық жерлерге тиесілі. Соның арқасында 5,5 мың отбасы баспаналы болды», – деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.

«Астана» шағын ауданында бір жарым жылда 10 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 450 заманауи пәтер пайдалануға берілді. Қазіргі таңда 13 бесқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Биыл тағы 16 көпқабатты тұрғын үй құрылысын бастау жоспарланып отыр.

Жалпы, шағын ауданда 154 көпқабатты тұрғын үй салынып, 60 мың адамды қамту көзделген.

Бұдан бөлек, жастарды баспанамен қамту мақсатында аймақтың барлық өңірінде «Қостанай жастары» бағдарламасы іске асырылуда. Соңғы үш жылда бұл бағдарламаға шамамен 5 млрд теңге бағытталды. Нәтижесінде 340-тан астам жас отбасы өз баспанасына қол жеткізді. Биыл тағы 1,8 млрд теңгеге займ беру жоспарланып отыр.