Қостанай облысында жеті ірі инвестициялық жоба жүзеге асты

Қостанай облысында жеті ірі инвестициялық жоба жүзеге асты

Қостанай облысы әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны бойынша республикадағы жетекші өңірлердің бірі ретінде оң динамиканы сақтап келеді. Мемлекет басшысы алға қойған жыл сайынғы экономикалық өсімді кемінде 6 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету міндетін Тобыл өңірі 8 пайыздық нәтижемен орындап, жоспарлы көрсеткіштен жоғары межеге қол жеткізді.

Соңғы үш жылда облыс бюджеті 1,5 есеге ұлғайды. Орташа жалақы көлемі де 1,5 есеге өссе, негізгі капиталға салынған инвестициялар 1,6 есеге артты. Осы кезеңде өңірге тартылған шетелдік инвестициялар көлемі 1,5 млрд АҚШ долларына жетті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша да облыс экономикасының өсімі республикалық деңгейден жоғары қалыптасты.

Жұмыспен қамту саласында да оң өзгерістер бар. Өткен кезеңде 47 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, 26,4 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны 23,7 пайызға қысқарды.

Өнеркәсіп саласында өндіріс көлемі 3,5 трлн теңгеге жетті. Өңірде жалпы құны 322 млрд теңгені құрайтын жеті ірі инвестициялық жоба іске асырылды. Солардың ішіндегі ең ауқымдысы – КІА автозауыты. Кәсіпорында кореялық брендтің 13 түрлі моделі құрастырылып, 1500 жаңа жұмыс орны құрылды.

2025 жылы тағы екі ірі жоба – жүк көлігі бөлшектерін шығаратын зауыт пен өндірісті желіліктендіру орталығы пайдалануға берілді. Аталған жобалар аясында 650 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Қазіргі уақытта облыс орталығында «Тобыл» халықаралық көлік-логистика кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 64 млрд теңгені құрайды. Бүгінде оның 6 млрд теңгесі игеріліп, 26 мың шаршы метр жүк тиеу-түсіру алаңы салынды, 2,7 шақырым теміржол желісі төселді. Аталған кешен іске қосылғаннан кейін жүк тасымалы көлемін 20 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы саласында да бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Өңірде 7 заманауи өнеркәсіптік сүт-тауар фермасы ашылды. Биыл тағы 5 ферма пайдалануға беріледі. Бұл шаралар сүт өндірісін екі есеге арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар, елдегі ең ірі кондитерлік кәсіпорын – «Кондитерлік астана» фабрикасының құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа өндіріс орны өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, экспорттық әлеуетін арттыруға серпін бермек.

Қостанай облысында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.