Лисаковск қаласында «Қарлы десант» акциясы өтті

Лисаковск қаласында «Қарлы десант» акциясы өтті

«Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын іске асыру аясында Лисаковск қаласының Октябрьское кентінде республикалық «Қарлы десант» акциясы өтті.

Іс-шараға Лисаковск техникалық колледжінің студенттері, еріктілер, Жастар ресурстық орталығының белсенділері, мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ Лисаковск қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері қатысып, барлығы 30-ға жуық адам жұмылдырылды.

Акция барысында қатысушылар жалғыз тұратын зейнеткерлерге көмек көрсетіп, олардың ауласы мен үй маңындағы аумақтарды қардан тазалады. Мұндай бастамалар өңір жастары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, еріктілер қозғалысын дамытуға және әлеуметтік жауапкершілікті нығайтуға бағытталған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Қар десанты» акциясы қыс мезгілінде елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартумен қатар, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға нақты қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Аталған акциялар «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.