
Қостанайда аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың қатысуымен «Жас Қолдаушы» жастар форумы өтті.
Облыс әкімі 2022 жылы облыс аумағында 6859 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелсе, соңғы 3 жылда өңір тұрғындарының, соның ішінде жастардың тәртіпке қатаң көзқарасын қалыптастыру үшін бірқатар шаралар қабылданғанын жеткізді. Жүргізілген жүйелі жұмыстардың арқасында қылмыстардың жалпы саны 28,2%-ке азайды.
«Осындай оң көрсеткішке жастарды әлеуметтік жағынан қолдау шараларының тиімді жұмыс істеуі де айтарлықтай әсер етіп отыр. Қостанайда заманауи талаптарға сай ашылып жатқан зауыттар мен өнеркәсіп орындарындағы жұмысшылардың 55-60% – жастар! Облыста «Қостанай жастары» бағдарламасы арқасында 344 отбасы қоныс тойын атап өтті. Биыл да 60 жас отбасы жаңа баспанаға ие болады. Соңғы 3 жылда аймақ тұрғындары үшін 27 білім беру, 35 спорт, 37 денсаулық сақтау және 6 мәдениет нысаны пайдалануға берілді. Бұл жұмысты алдағы уақытта да жалғастыра береміз», – деді аймақ басшысы.
Бүгінде өңір жастарының республикалық және халықаралық деңгейде биіктерден көрініп жүргенін мақтанышпен айта аламыз.
«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген нақыл сөз біздің алдымызда тұрған міндеттің мәнін терең ашады. Азаматтық ұстаным мен бірлескен күш-жігер арқылы ғана Қостанай облысын қауіпсіз, тұрақты және дамыған өңірге айналдыра аламыз. Ел Президенті айтқандай, біз үйлесімді, әділетті әрі тұрақты қоғам құру ісін жалғастыра береміз. Тәртіп пен әділдік – сенімді болашақтың негізі. Ал қауіпсіз қоғам – ортақ мақсатымыз!», – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.