Рудный қаласында екі көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

Рудный қаласында екі көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

Рудный қаласы 2025 жылды тұрғын үй құрылысы саласындағы маңызды оқиғамен қорытындылады. Мемлекеттік тұрғын үй саясатын іске асыру аясында тұрғын үй алу кезегінде тұрған азаматтарға жаңа пәтерлердің кілттері табысталды.

Қазіргі таңда Качарская көшесі, 11 және Молодая Гвардия көшесі, 15 мекенжайларында орналасқан екі көппәтерлі тұрғын үйден 20 кезекте тұрған азаматқа пәтер берілді. Аталған үйлерге жаңа қоныстанушыларды орналастыру жұмыстары ағымдағы жылы жалғасады.

Тұрғын үйлер жеке құрылыс компаниясы тарапынан іргетасынан бастап салынған. Келісімшарт талаптарына сәйкес, екі жыл бойы үйлерге қызмет көрсету құрылыс компаниясының міндетінде болады. Бұл тұрғын үйлердің дұрыс күтіп-ұсталуы мен тұрғындар үшін жайлы өмір сүру жағдайын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары Рудный қаласында бос тұрған көппәтерлі үйлерді қалпына келтіру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта Ленин көшесіндегі тұрғын үйде күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Соңғы үш жылда қалада мыңға жуық пәтер пайдалануға беріліп, бұл тұрғын үй мәселесін шешуге елеулі үлес қосты.

Сонымен қатар жеке инвестицияларды тарту арқылы жаңа тұрғын үйлер салу жобалары жүзеге асырылуда. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 55 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 28,9 пайызға жоғары. Мұндай оң динамика құрылыс саласының тұрақты дамып келе жатқанын және тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмысты көрсетеді.

Азаматтарды қолжетімді әрі жайлы тұрғын үймен қамтамасыз ету өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Тұрғын үй кезегін қысқарту және жаңа құрылыс жобаларын жүзеге асыру жұмыстары алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасатын болады.