Жалғызтал ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуы

Жалғызтал ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуы

Қостанай облысының Арқалық қаласынан 45 шақырым қашықтықта орналасқан Жалғызтал ауылы әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақты оң динамикасын көрсетіп отыр.

Ауыл аумағының жалпы көлемі 81 912 гектарды құрайды, оның ішінде 20 544 гектары – егістік жерлер, 21 207 гектары – жайылымдық алқаптар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Жалғызтал ауылында 580 бас ірі қара, 937 бас жылқы және 933 бас ұсақ мал тіркелген. Ауылда 20 шаруа қожалығы, 6 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 2 жеке кәсіпкер жұмыс істейді.

Ауылдағы білім беру саласы тұрақты дамуда. Т. Әубәкіров атындағы негізгі орта мектеп 2025–2026 оқу жылын 39 оқушымен бастады. Мектеп жанындағы шағын орталықта 16 бала тәрбиеленуде. Білім беру мекемесінде 13 педагог еңбек етеді, олардың барлығы жоғары білімді және біліктілікті арттыру курстарынан өткен.

Мәдениет саласы да қарқынды дамып келеді. Ауылдық кітапханада шамамен 3 600 дана кітап қоры бар, оның 2 мыңға жуығы қазақ тіліндегі әдебиеттер. Жыл бойына 58 іс-шара жоспарланып, толық көлемде жүзеге асырылуда. Тұрақты оқырмандар саны – 111 адам.

Мектептің материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға сай. 2025 жылы «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен әмбебап оқу кабинеті ашылған. Кабинет физика-информатика, биология-химия және ағылшын тілі пәндеріне арналған, зертханалық құрал-жабдықтармен және робототехника жиынтықтарымен толық қамтылған.

Инженерлік және медициналық инфрақұрылым толық қамтамасыз етілген. Барлық тұрғын үйлер орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған, ауыл электр энергиясымен және қатты отынмен толық қамтамасыз етілген. Қажетті дәрі-дәрмек қоры мен құрал-жабдықтары бар медициналық пункт жұмыс істейді.

Байланыс пен интернетке қолжетімділік жақсартылған. Жалғызтал ауылында Activ, Altel, Beeline және Tele2 байланыс операторларының желілері тұрақты жұмыс істейді. Сонымен қатар барлық үйлерде «Транстелеком» АҚ ұсынған интернет желісі орнатылған.

Республикалық маңызы бар автожолды жөндеу жұмыстарын жүргізген «Қарағанды жолдары» ЖШС-мен жасалған меморандум аясында ауылдың екі көшесіне қиыршық тас төселді. Атқарылған жұмыстардың жалпы құны 27 млн теңгені құрады.

Алдағы уақытта шағын кәсіпкерлікті дамыту, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады.