
25 желтоқсанда Қостанай қаласында психоневрологиялық патологиялары және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларға арналған жаңа оңалту орталығының ашылу салтанаты өтті. Бұл жоба өңірде ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау және оңалту жүйесін дамытудағы маңызды қадам болып табылады.
Қостанай облысында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауға бағытталған шараларды қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді. 2025 жылы бұл мақсаттарға 15 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, бұл 2022 жылғы деңгеймен (7,6 млрд теңге) салыстырғанда екі есе көп.
Қаржының едәуір бөлігі оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін қамтамасыз етуге бағытталуда. Атап айтқанда, тифло- және сурдоқұралдармен, кресло-арбалармен, протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз етуге, санаториялық-курорттық емдеуге, жеке көмекші мен ымдау тілі маманының қызметтеріне жұмсалатын шығындар 2022 жылғы 3 млрд теңгеден 2025 жылы 7 млрд теңгеге дейін өсті.
Сонымен қатар, жергілікті бюджеттен I топтағы мүгедектігі бар адамдар мен балаларды санаторий-курорттық емдеу кезінде алып жүруге қосымша қаражат бөлінуде. Инватакси қызметін көрсету аумағы да кеңейтіліп, бұл азаматтардың қозғалысын жеңілдетіп, әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті арттырды.
Соңғы екі жылда облыста иппотерапия және кресло-арбаларды жөндеу қызметтері де енгізілді. Бұл шаралар әртүрлі патологиялары бар балалардың денсаулық жағдайын жақсартуға, сондай-ақ мүгедектігі бар ересектердің әлеуметтік бейімделуіне оң әсерін тигізуде.
Жаңа оңалту орталығының ашылуы Мемлекет басшысының әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асырудың кезекті кезеңі болды. Орталықты заманауи жоғары технологиялық оңалту жабдықтарымен жарақтандыруға «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 1 млрд теңге бөлді. Бұған дейін мұндай жабдықтар негізінен республикалық медициналық ұйымдарда ғана болып, өңір балалары үшін қолжетімділігі шектеулі еді.
Орталықта балалардың денсаулығын нығайтуға және әлеуметтік оңалтуға бағытталған арнайы әлеуметтік қызметтердің толық кешені көрсетіледі. Емдік және бейімделген дене шынықтыру, механо- және эрготерапия сабақтары өткізіледі, сенсорлық және интерактивті залдар, тұзды және шунгитті бөлмелер жұмыс істейді. Сонымен қатар тірек-қимыл аппараты, жүрек-қан тамырлары, жүйке жүйесі ауруларын, сондай-ақ тері ауруларын емдеуге арналған арнайы ванналарды қолдану арқылы су процедуралары жүргізіледі.
Егер бұған дейін облыс орталығындағы жалғыз оңалту орталығында (20 төсек-орын) жылына 400-ден аспайтын бала ғана оңалтудан өте алса, жаңа орталықтың ашылуымен жыл сайын 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі кемінде 900 баланы қамту жоспарланып отыр. Оңалту курсының ұзақтығы 14 күннен 21 күнге дейін ұлғайтылды.
Аталған орталықтың ашылуы мүгедектігі бар балаларға көрсетілетін оңалту көмегінің қолжетімділігі мен сапасын едәуір арттырып, Қостанай облысында инклюзивті әлеуметтік ортаны қалыптастыруға маңызды үлес қосады.