Өңір экономикасын нығайтып, ауқымды жобаны жүзеге асыруда — халықаралық көлік-логистикалық кешеннің құрылысы жүріп жатыр

Өңір экономикасын нығайтып, ауқымды жобаны жүзеге асыруда — халықаралық көлік-логистикалық кешеннің құрылысы жүріп жатыр

Соңғы жылдары облыс негізгі даму бағыттары бойынша тұрақты әрі оң динамика көрсетіп келеді. Жалпы өңірлік өнім үш жыл ішінде 18,8%-ке өсіп, 2022 жылғы 4,2 трлн теңгеден 2024 жылы 5 трлн теңгеге жетті. Бұл – өңір экономикасының кеңейіп, өндірістік әлеуетінің артып келе жатқанын айқын дәлелдейді.

Өңдеу өнеркәсібі де жоғары өсім қарқынын сақтап отыр. Саладағы өндіріс көлемі 2022 жылы 1,6 трлн теңгеден 2024 жылы 2,1 трлн теңгеге дейін көбейіп, 28%-тік өсімге қол жеткізді. Бұл өңірде индустриялық жаңғырту жұмыстарының тиімді жүріп, экспорттық мүмкіндіктердің күшейіп келе жатқанын көрсетеді.

Инвестициялық ахуал да жақсарып келеді. Өңірге жалпы сомасы 1,5 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылды. 2023 жылы бұл көрсеткіш 397,8 млн долларды, 2024 жылы 402,2 млн долларды құраса, 2025 жылы 667,5 млн доллар тарту жоспарланып отыр. Шетелдік инвесторлардың қызығушылығы облыстың инвестициялық тартымдылығының артқанын айғақтайды.

Еңбек өнімділігі де өсу үстінде. 2022 жылы бір жұмысшыға шаққанда 8 млн теңге болған көрсеткіш 2024 жылы 10,2 млн теңгеге дейін өсіп, 28%-тік артуды қамтамасыз етті.

Өңір бюджеті де айтарлықтай ұлғайды: 2022 жылғы 441,8 млрд теңгеден 2025 жылы 686,6 млрд теңгеге дейін өсіп, шамамен 1,6 есеге артты. Бұл әлеуметтік саланы, инфрақұрылымды және маңызды инвестициялық жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін кеңейтеді.

Көлік-логистикалық кешен: өңірдің жаңа өсім нүктесі

Өңірдің алдағы дамуына серпін беретін негізгі бастамалардың бірі — құны 63,8 млрд теңге болатын заманауи халықаралық көлік-логистикалық кешеннің құрылысы. Бүгінде нысанда қарқынды құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, жетекші мердігер ұйымдар жаңа технологиялар мен тиімді логистикалық шешімдерді енгізуде.

Кешен жылына 400 мың контейнерге дейін немесе 11 млн тоннадан астам жүкті өңдеуге мүмкіндік береді. Нысан іске қосылғаннан кейін өңірдегі жүк айналымы 20%-ке артады деп күтілуде. Бұл облыстың халықаралық көлік дәліздеріндегі рөлін күшейтіп, оның Еуразия кеңістігіндегі транзиттік маңызын арттыра түседі.

Жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, инвесторлар үшін өңірдің тартымдылығын күшейтеді әрі өнеркәсіп, сауда және қызмет көрсету салаларының дамуына қосымша серпін береді.