
Бүгін Қостанайда «10-AIMAQ: дамудың жаңа траекториясы» атты сараптамалық алаң өтті. Іс-шарада өңірдің стратегиялық дамуы, басым бағыттары, жаңа экономикалық мүмкіндіктері, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын өңірлік деңгейде енгізу, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру және өндірістік автоматтандыру үдерістері жан-жақты талқыланды.
Кездесу жұмысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлердің кешенді дамуына бағытталған Жолдауында белгіленген міндеттермен толық үндес болды. Президент өңірлік саясаттағы басты басымдықтарды – инфрақұрылымдық жаңғырту, экономиканы әртараптандыру, азаматтардың өмір сапасын арттыру, мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейту және инновациялық тәсілдерді енгізуді атап өткен еді. Сараптамалық алаңда осы бағыттар өңірлік деңгейде іске асыру тұрғысынан талданып, нақты ұсыныстар әзірленді.
Жиынды модератор Рахым Ошақбаев ашып, сараптамалық диалог алаңының өңір үшін маңызын атап өтті.
«Бұл алаң – Қостанай облысының жаңа даму траекториясын қалыптастыруға арналған кәсіби пікірталас форматы. Өңірлік дамудың жаңа шешімдерін анықтау қоғамның, бизнестің, сарапшылар қауымдастығы мен жастар бастамаларының белсенді қатысуын талап етеді», – деді ол.
Облыстық мәслихаттың бюджет және өңір экономикасын дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы, «Талдау» мектебінің түлегі Серік Манасбаев өңірде жасанды интеллект дәуіріне бейімделуге бағытталған жүйелі реформалар жүріп жатқанын атап өтті.
Қоғамдық кеңес төрағасы, Ұлттық Құрылтай мүшесі Серік Бектұрғанов азаматтық қоғам институттарының өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлін баяндады.
Арқалық қаласы мәслихатының төрайымы Гүлбану Елтебаева Торғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне тоқталды.
Өңірде цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру бағытында соңғы жылдары айтарлықтай жұмыстар атқарылды: жаңа антенна-мачталық кешендер орнатылып, интернет қолжетімділігі кеңейді.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ Smart-орталығының жетекшісі, экономика ғылымдарының кандидаты, облыстық мәслихат депутаты Гүлмира Дамбаулова өңірдегі смарт-жобалар мен жасанды интеллект элементтерін енгізу бағытындағы жұмыстарды таныстырды.
Оның айтуынша, Smart-орталық — білім, ғылым және бизнестің тоғысқан инновациялық экожүйесі, өңірдің цифрлық экономикасын қалыптастыруға және жаңа буын мамандарын даярлауға қызмет етеді.
Астана мен Алматыдан келген сарапшылар өңір экономикасының өсу қарқыны мен негізгі секторлардағы оң динамиканы атап өтті. Экономист Расул Рысмамбетов Қостанай облысының машина жасау мен автомобиль өндірісі саласында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп отырғанын айтты.
«Қостанай облысы өңіраралық көлік-логистикалық торапқа айналып келеді. Инфрақұрылым жаңғырып, өндіріс көлемі артты. Алдағы жылдары одан да жоғары қарқын күтіледі», – деді ол.
«Стратегия» қорының президенті Гүлмира Илеуова өңірдегі қоғамдық институттардың тиімді жұмысын атап өтіп, олардың әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлін ерекше бағалады.
Қостанай облысы цифрлық трансформация, инновациялық даму, жастарды қолдау және жасанды интеллектті енгізу бағыттарына басымдық беруді жалғастыруда. Соңғы жылдары іске асқан инфрақұрылымдық жобалар өңірдің жаңа даму архитектурасын құрып, Президент Жолдауында белгіленген өңірлік саясаттың негізгі міндеттерімен толық сәйкес келеді.
Сараптамалық алаңның қорытындысы өңірдің кәсіби сарапшылар қауымдастығы өңірлік дамуға белсенді атсалысып отырғанын көрсетті. Жиында ұсынылған ойлар мен ұсынымдар алдағы уақытта өңірлік бағдарламаларды түзету және стратегиялық құжаттарды жетілдіру барысында ескерілетін болады.