Қостанай облысы Қазақстан мен Ресей форумында өңірдің индустриялық даму тәжірибесін ұсынды

Қостанай облысы Қазақстан мен Ресей форумында өңірдің индустриялық даму тәжірибесін ұсынды

11–12 қараша күндері Орал қаласында Қазақстан мен Ресейдің XXI өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, екі елдің Үкімет мүшелері, өңір басшылары, сондай-ақ бизнес және сараптамалық қауымдастық өкілдері қатысты.

Форумда Қостанай облысының атынан өңір әкімі Құмар Ақсақалов сөз сөйлеп, пленарлық отырыста баяндама жасаған жалғыз облыс әкімі болды. Өз сөзінде ол өңірдің индустриялық даму тәжірибесін таныстырып, экономикалық өсудің негізгі бағыттарына тоқталды.

Индустрияландыру және жаңа технологиялар

Өңір басшысы жаңа индустрияландыру дәуірінде жұмысшы мамандықтарының қайтадан экономиканың қозғаушы күшіне айналып отырғанын атап өтті.
«Қазақстан мен Ресейді біріктіретін ортақ мақсат – еңбекті мемлекеттік саясаттың өзегіне айналдыру, еңбек адамының беделін арттыру.
Біздің халықтарды еңбектегі ерлік, өндірістік дәстүрлер мен еңбексүйгіш жандарға деген құрмет біріктіреді. Бүгінде жаңа идеология қалыптасуда – «Еңбек – елдің тірегі», яғни «Еңбек адамы – елдің мақтанышы», – деді Құмар Ақсақалов.

Экономикалық өсім және инвестициялар

Әкімнің айтуынша, Қостанай облысы бүгінде елдің ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі болып табылады. Өткен жылы өңір экономикасының өсімі 8,3%-ды құрады, биыл бұл көрсеткіш 7%-дан асады деп күтілуде. Соңғы он жылда еңбек өнімділігі төрт еседен астам артқан.

Бұл жетістіктер инвестицияларды белсенді тартудың нәтижесінде мүмкін болды. Соңғы үш жылда өңірге 3,8 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған, оның ішінде 1,5 млрд АҚШ доллары – тікелей шетелдік инвестициялар.

Ірі жобалардың қатарында жүк көліктеріне арналған қозғалтқыш блоктары мен цилиндр бастарын өндіретін «KamLitKZ» зауыты, жүк көліктеріне арналған жетекші көпірлер шығаратын кәсіпорын (инвестиция көлемі – 300,1 млн доллар, 650 жұмыс орны), сондай-ақ биыл іске қосылған KIA автозауыты, онда 1 500 жаңа жұмыс орны ашылды. Барлық өндірістер заманауи, жоғары технологиялық, автоматтандырылған және цифрлық басқару жүйелерімен жабдықталған.

Көлік және өндірістік инфрақұрылым

Өңірде инфрақұрылымдық жобалар белсенді жүзеге асырылуда. Негізгі бағыттардың бірі – жылына 400 мың контейнер немесе 11 миллион тонна жүк өткізуге қауқарлы көлік-логистикалық кешеннің құрылысы. Бұл нысан еліміздегі үшінші халықаралық порт және теңізге тікелей шығуы жоқ екінші «құрғақ» порт болмақ.

Сонымен қатар, тау-кен және агроөнеркәсіптік салаларда жалпы құны 4 млрд АҚШ долларынан асатын ірі жобалар іске асырылуда. Жалпы, облыста 5,2 млрд АҚШ долларын құрайтын 76 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Кадр даярлау және жастар бастамалары

Құмар Ақсақалов өз баяндамасында инженерлік және техникалық кадрлар даярлауға ерекше назар аударылатынын айтты.
Облыстың жоғары оқу орындарында әлемнің жетекші университеттерімен бірлескен қос дипломды білім беру бағдарламалары, сондай-ақ машина жасау, металлургия, энергетика және ақпараттық технологиялар салаларындағы жоғары мектептер ашылған.

Жаңа өндірістерде еңбек ететіндердің 60%-дан астамы – 35 жасқа дейінгі жастар. Оларды қолдау мақсатында өңірде «Қостанай жастары» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама аясында жас мамандарға 6% жеңілдетілген ипотекалық несие беріледі.

«XXI ғасырдың еңбек адамы – бұл болашақтың адамы: білімді, ойлы және шығармашыл тұлға. Жұмысшы болу – өз еліңнің болашағын құру деген сөз. Еңбек – Отанға қызмет етудің, ұлттық мақтаныш пен қоғамның тірегінің нышаны», – деп қорытындылады өз сөзін Құмар Ақсақалов.