Ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту: тұрғын үй мәселесі шешілуде

Ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту: тұрғын үй мәселесі шешілуде

Аудан әкімі Мәди Ихтиляпов өңірлік коммуникация алаңында өткен брифингте Науырзым ауданында тұрғын үй мәселесін шешу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Биылғы мәлімет бойынша, тұрғын үй кезегінде 159 адам тұр. 2025 жылдың 25 мамырынан бастап тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды кезекке қою процесі orken.otbasybank.kz электрондық жүйесі арқылы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта осы жүйеде кезектегі азаматтардың тізімін орналастыру, жаңарту және толықтыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл әрбір азаматтың кезегін анық және ашық жүргізуге мүмкіндік береді.

Аудан әкімі атап өткендей, әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында биыл республикалық және облыстық бюджеттер есебінен 356,9 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатқа Қараменді ауылында жалпы көлемі 1 258 шаршы метрді құрайтын 25 пәтер сатып алу жоспарланған. Жобаның мердігері – «Каиргожа и К» ЖШС. Қазіргі уақытта бұрынғы жатақхана ғимаратын қалпына келтіру және оны тұрғын үйге бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңартылған пәтерлер әлеуметтік осал азаматтарға беріліп, олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған.

Сонымен қатар, 2025 жылдың төртінші тоқсанында Қараменді ауылында, Победа көшесі, 1 мекенжайындағы бұрынғы жатақхана ғимаратын қайта жаңарту арқылы 1 300 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл жұмыстар аяқталған соң, ауданның жылдық тұрғын үй енгізу жоспары толық орындалып, көпшіліктің тұрғын үй мәселесі шешілетін болады.

Аудан әкімдігі тұрғын үй мәселесін шешуде электрондық жүйені кеңінен қолдану арқылы ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз етуді, сондай-ақ әлеуметтік осал топтарға қолжетімді баспана беруді жалғастыра беретінін хабарлайды.