Қостанай қаласына – 139 жыл. Қала күніне арналған салтанатты шараға облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысып, шаһар тұрғындары мен қонақтарын мерекесімен құттықтады.
«Қостанайлықтар үшін ең тамаша сыйлық ол әрине аймақ экономикасының жақсы көрсеткіштері. Соның бірі өңірге инвестиция тарту. Бүгінгі таңда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша машинақұрастыру, тамақ өнеркәсібі, астық өңдеу салаларында 10 ірі инвестжоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың жалпы сомасы 40 млрд. теңгені құрайды. 500-ден астам тұрақты жаңа жұмыс орындары пайда болмақ» - деп атап өтті облыс басшысы.
А.Мұхамбетов сондай-ақ қостанайлықтардың жыл санап тұрғын үй жағдайының жақсарып келе жатқанын жеткізді. «Бүгінде «Әуежай», «Юбелейный» және «Алтын Арман» сияқты жаңа ықшам аудандар жылдам қарқынмен бой көтеріп үлгерді. Құрылыстың одан сайын қарқын алуына «7-20-25» бағдарламасының қосар үлесі мол деп білеміз. Биылғы жылы 7 тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 14 үйдің құрылысын аяқтайтын боламыз», - деді әкім. Бұдан басқа облыс орталығында әлеуметтік-спорттық нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілу үстінде. Биыл 1000 орындық Спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға берілсе, тағы 1000 орындық Ұлттық мәдени орталықтың құрылысы аяқталады. Сондай-ақ 3 мың адамға шақталған жабық футбол манежі салынып жатыр. Алда 2 мың орындық жаңа мұз айдынының құрылысын бастау жоспарлануда. «Осының бәрі де тұрғындар үшін жасалып жатыр. Және бұл сіз бен біздің біріге атқарған өнімді еңбегіміздің нәтижесі. Облысымыз бен оның орталығы үшін аянбай тер төккен алдыңғы буын ардагерлеріміздің ерен еңбегінің арқасы. Сондықтан қадірлі қостанайлықтар, баршаңызды сүйікті қаламыздың 139 жылдық мерекесімен құттықтаймын. Сіздерге және отбасыларыңызға денсаулық, бақыт, береке мен табыс тілеймін» - деп атап өтті облыс басшысы. Бұдан соң А.Мұхамбетов өңірдің дамуына еңбегі сіңген адамдарға облыстың және қаланың құрметті азаматы төсбелгілерін табсытады. Концерттік кеш Ерке Есмахан, Әміре және Алена Апина сияқты Қазақстан мен Ресей эстрада жұлдыздарының өнеріне ұласты. Мереке әдемі отшашумен аяқталды.