
Іс-шараны Қостанай облысы әкімдігінің қолдауымен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ЭҚДК «Қоғамдық келісім» РММ ұйымдастырды.
Форумға ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» ҚХА жобасының жетекшісі Геннадий Шиповских, жазушы және «Ситуативный казахский» оқулығының авторы Қанат Тасыбеков, сондай-ақ қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ғылыми және шығармашылық интеллигенция, ҚХА жастар қанаты қатысты.
Форумның мақсаты – мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін нығайту, оны үйренудің үздік тәжірибелерін насихаттау және елдің біртұтас мәдени-тілдік кеңістігін дамыту.
28 қазан күні қатысушылар өңірдің тарихи-мәдени және өндірістік нысандарын аралады: Ы.Алтынсарин кесенесі, М.Дулатұлы, А.Байтұрсұлының ескерткіштері, Ы.Алтынсарин атындағы мұражайына барып, І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында М.Әуезовтің «Қараш-Қараш» қойылымын тамашалады.
29 қазанда форумның салтанатты ашылуы және пленарлық отырысы өтті. Модераторы – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ЭҚДК «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары Руфина Усанова.
Пленарлық отырыста Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, сенатор Геннадий Шиповских, ҚХА Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Камал Әлпейісова және «Мәміле» клубының негізін қалаушы Қанат Тасыбеков баяндама жасады.
«Табыстың тарихы» сессиясында ҚХА амбассадорлары қазақ тілін меңгеру тәжірибелерімен, кәсіби жетістіктерімен және жастарға арналған кеңестерімен бөлісті. Олардың қатарында – Тимур Онянов (Павлодар), Әнел Пимичева (Астана), Денис Романов (Астана), Марина Богомолова (БҚО), Милана Әшімбек (Ақмола облысы), Евгений Кравчук (Жамбыл облысы), Карина Роот (Көкшетау) және Алёна Малькова-Солопова (Ақмола облысы) бар.
Күннің екінші жартысында «Мемлекеттік тілді меңгерудің үздік тәжірибелері» атты үш параллельді шеберлік сағаттары өтті. Қостанай өңірінің жоғары оқу орындарының студенттері қазақ тілін үйренудің цифрлық, коммуникативтік және шығармашылық әдіс-тәсілдерімен танысты.
Форум достық, өзара құрмет және ортақ тіл идеясы төңірегінде түрлі этнос өкілдерін біріктірген ашық диалог алаңына айналды. Іс-шара қоғамның қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығын арттыруға және сөз мәдениеті арқылы бірлікті нығайтуға бағытталды.
#ҚХА30жыл #30летАНК #APK30years