
Республика күні қарсаңында Қостанай облысында жаңа «Астана» шағын ауданындағы алғашқы 450 пәтердің салтанатты түрде пайдалануға берілуі өтті. Аталған аудан өңірдегі заманауи тұрғын үй құрылысы мен қалалық инфрақұрылымды дамытудың маңызды орталықтарының біріне айналмақ. Жаңа үйлер шамамен 1 000 тұрғынға арналған және қазіргі заманғы сапа, энергия тиімділігі мен жайлы қала ортасын қалыптастыру стандарттарына сай салынған.
Мемлекет басшысы атап өткендей: «Қолжетімді баспана – бұл арман емес, азаматтарымыз үшін жүзеге асуы тиіс нақты мақсат». Осы ұстаным мемлекеттік тұрғын үй саясатының басты бағытына айналды. Соңғы екі жылда Қостанай облысында жалпы көлемі 1 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өз сөзінде былай деді:
«2025 жылдың басынан бері 391 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 4 145 пәтер салынды. Жыл соңына дейін 500 мың шаршы метр, яғни 6,5 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіштер өңірдегі тұрғын үй құрылысының жүйелі түрде дамып келе жатқанын айғақтайды».
«Астана» жобасы аясында биіктігі 5-тен 24 қабатқа дейінгі 154 көпқабатты үй салу көзделген. Жалпы тұрғын үй көлемі шамамен 1 миллион шаршы метрді құрап, 60 мыңға жуық тұрғынды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 10 үйдің құрылысы аяқталып, тағы 13 үйдің жұмысы жалғасуда.
Облыс әкімі атап өткендей, басты мақсат – тек үйлерді тапсыру емес, сонымен қатар тұрғындар үшін жайлы, қауіпсіз және заманауи өмір сүру ортасын қалыптастыру. Жаңа пәтерлер 254 мың теңге бағамен шаршы метріне қолжетімді тұрғын үй бағдарламасы бойынша кезекте тұрған азаматтарға берілетін болады.
Шағын ауданда тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалады: балабақшалар, мектептер, медицина мекемелері, спорт және мәдени нысандар, сауда-ойын-сауық орталықтары мен демалыс саябақтары салынбақ. Сондай-ақ «ақылды» аялдамалар, бейнебақылау жүйесі, кең жолдар, веложолдар және ерекше дизайны бар абаттандырылған демалыс аймақтары қарастырылған.
Құрылыс барысында отандық өндірістің сапалы материалдары қолданылуда, бұл тұрғын үйлердің беріктігі мен сенімділігін қамтамасыз етеді. «Астана» жобасының жүзеге асырылуы өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға, сондай-ақ цифрландыру деңгейін және заманауи инфрақұрылымды дамытуға елеулі үлес қосады.