
Eurasian Resources Group (ERG) Австрияның Primetals Technologies Austria GmbH және АҚШ-тың Midrex Technologies Inc. компаниялар консорциумымен стратегиялық келісімшартқа қол қойды. Құжатта инженерлік жобалау, негізгі технологиялық жабдықтарды жеткізу, сондай-ақ Рудный қаласында ыстық брикеттелген темір (ЫБТ) өндіретін зауыттың құрылысы аясында қызметтердің толық кешенін көрсету көзделген.
Болашақ ЫБТ зауыты Орталық Азиядағы жаңа буынның ең ірі «жасыл» металлургиялық нысандарының бірі болмақ. Металдану дәрежесі кемінде 93%, темір мөлшері 90%-дан жоғары өнім шығару арқылы Қазақстан жаһандық болат өнеркәсібі нарығына жоғары бәсекеге қабілетті жаңа өнім түрімен шығуға мүмкіндік алады.
Жоба Midrex процесі бойынша темірді тікелей қалпына келтірудің заманауи технологияларына негізделген. Бұл әдіс дәстүрлі домна өндірісінен экологиялық тұрғыда ерекшеленеді – мұнда кокс орнына табиғи газ пайдаланылады. Зауыт «ССГПО» АҚ-ның өз өндірісіндегі тотыққан темір кенті окатыштарын қайта өңдеп, ыстық өнімді тікелей болашақ болат балқыту цехына жеткізуге мүмкіндік береді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында жаңа буын өнеркәсібін дамыту, экологиялық таза технологияларды енгізу және сапалы жұмыс орындарын ашу жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Рудныйдағы ыстық брикеттелген темір зауытының жобасы – осы тапсырмалардың жарқын үлгісі. Бұл заманауи өндіріс өңір экономикасын нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірдің жаңа индустриялық экожүйесін қалыптастырудың негізіне айналады, – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
– Президент өз Жолдауында еліміз үшін басым бағыт – ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие, терең өңделген өнім өндіру екенін атап өтті. Консорциуммен келісімшартқа қол қою – ERG компаниясының Қазақстан металлургиясын дамытудағы көшбасшылығын дәлелдейтін стратегиялық қадам. Біз жоғары технологиялы өндіріс құрып, елімізде «жасыл» металлургияны дамыту мен экспортты арттыруға жаңа мүмкіндік ашамыз. Бұл жоба жаңа технологияларды енгізіп, жұмыс орындарын құрып, білікті кадрлық әлеуетті қалыптастыруға серпін береді, – деді ERG компаниясының Бас атқарушы директоры, Директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов.
Жобаны ERG тобының еншілес компаниясы – «QazIron ERG» ЖШС жүзеге асырады. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 2 миллион тонна ЫБТ болады. Инвестиция көлемі 650 миллиард теңгеден асады, ал іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Нәтижесінде 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Midrex Technologies Inc. – темірді тікелей қалпына келтіру технологиялары саласындағы әлемдік көшбасшы (әлемдік нарықтың 57%-ын қамтиды). Компания соңғы 50 жылда 21 елде шамамен 100 өндірістік қондырғы салған.
Primetals Technologies Austria GmbH – қара және түсті металлургияға арналған жабдық өндіретін халықаралық жетекші компания, металлургиялық зауыттарға арналған инженерлік және кешенді шешімдер саласында әлемдік деңгейдегі маман.
Жаңа қол қойылған келісімшарт – консорциум бұған дейін жасаған базалық инженерлік жобаның логикалық жалғасы болып табылады.