Білім беру жүйесін дамыту – өңірлік саясаттың басым бағыты

Білім беру жүйесін дамыту – өңірлік саясаттың басым бағыты

Білім беру саласын жетілдіру, оқушылардың қабілеттерін ашуға толыққанды жағдай жасау, ғылымға, соның ішінде жасанды интеллектке деген қызығушылықты арттыру – Қостанай облысы саясатының басты басымдықтарының бірі.

Соңғы үш жылда өңірде 23 білім нысаны бой көтеріп, материалдық-техникалық базаны нығайтуға 5,5 млрд теңге бөлінді.
Ерекше назар, ең алдымен, тұлғаның болашақ дамуын айқындайтын негіз – мектепке дейінгі білім беру сапасына аударылып отыр.

Қазіргі таңда облыста 486 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 174 балабақша бар, оларда 23 мыңнан астам бала тәрбиеленуде, соның 61-і – жекеменшік. Сонымен қатар 312 шағын орталықта 5 мыңға жуық бүлдіршін білім алуда. 2–6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі – 92,4%.
Соңғы екі жылда жаңа балабақшалар мен қосымша топтардың ашылуы нәтижесінде 1717 орын пайда болды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып келеді.

Мектептердегі білім сапасы мен қолайлы, қауіпсіз орта құру – басты назарда.
Қостанай облысында 4860 орынға арналған 7 жаңа мектеп салынды. Олардың бесеуі «Келешек мектептері» Ұлттық жобасы аясында ашылды. Заманауи жабдықтармен қамтылған бұл мектептер әлемдік үрдістерге сай ойластырылған дизайнға ие. Әрқайсысында пәндік кабинеттер мен зертханалар бар, оқушылардың талантын шыңдауға, ғылыми ізденіске мол мүмкіндік жасалған. Жыл соңына дейін тағы 4 мектеп пайдалануға берілмек.

Ауылдағы білім сапасын көтеру үшін «Ауыл мектебі – сапа алаңы» республикалық жобасы іске асырылуда. Бұл бастама аясында 21 тірек және 63 шағын мектеп қамтылған. 2022–2024 жылдары «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 12 мектепке 3 млрд теңгенің заманауи жабдығы жеткізілді. Әр мектепте 25 мамандандырылған кабинет ашылды: STEM-зертханалар, робототехника және жаратылыстану пәндері кабинеттері, жаңа кітапханалар, арт-студиялар мен телестудиялар. Биыл тағы 7 мектеп жаңғыртудан өтеді.
Сонымен қатар шағын мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайтылды: 1,3 млрд теңгеге 106 кабинет жөнделді. Бұл қала мен ауыл арасындағы алшақтықты қысқарту жөніндегі Мемлекет басшысы қойған міндеттің орындалуына жол ашып отыр.

Мұндай инвестициялар алғашқы жемісін беруде.
2024–2025 оқу жылында облыс оқушылары халықаралық олимпиадаларда 9 жүлде, ауыл мектептеріне арналған республикалық олимпиадада 26 орын (оның ішінде 3-орындық командалық жүлде), пәндік республикалық олимпиадада 23 медаль иеленді.
Облыстың 5 мектебі Қазақстанның ТОП-100 үздік білім ұйымдары қатарына кірді: «Білім-Инновация» лицейі, Қостанай қаласындағы №2 мектеп-лицей, Рудный қаласындағы №10 мектеп-гимназия, Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернат және «Озат» ақпараттық технологиялар лицейі.
Ғылыми жобалар конкурстарында – 16 жүлде, халықаралық ғылыми сайыстарда – 4 медаль алынды.

Оқушылардың жетістіктері – тек сапалы білімнің емес, жүйелі тәрбиелік жұмыстың да нәтижесі.
Жаңа оқу жылынан бастап «Адал азамат» бағдарламасы негізінде тәрбие жұмысы жүргізіледі. «Мектеп–отбасы–қоғам» үштігін қалыптастыруда ата-аналармен байланыс маңызды рөл атқарады. Осы мақсатта 399 Педагогикалық қолдау орталығы жұмыс істеп тұр.

Білім беру саласында отбасыларды қолдау шаралары да жүзеге асуда.
Маңызды міндеттердің бірі – балаларды сапалы ыстық тамақпен қамтамасыз ету. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, бастауыш сыныптың барлық оқушылары, яғни 45 019 бала, тегін тамақпен қамтылған. Бұған қоса, «Всеобуч» қоры есебінен 5–11 сыныптағы 7 222 оқушыға ыстық тамақ беріледі. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 5,2 млрд теңге бөлінді.
Тегін әрі жеңілдетілген тамақтануды ұйымдастырудың айқындылығын қамтамасыз ету үшін 123 мектепте «Әлеуметтік әмиян» жүйесі енгізілді, ал оқушы саны 700-ден аспайтын 305 мектепте «Бизнес әмиян» сервисі қолданылады.

Жаңа оқу жылында жалпы білім беретін мектептерде 3,5 мыңнан астам оқушы инклюзия қолдауымен қамтылмақ. Инклюзияны қолдау кабинеттерінің саны артып келеді: қазіргі таңда 41 кабинет жұмыс істейді. Жаңа оқу жылы қарсаңында Рудный қаласындағы №1 мектеп пен №2 балабақшада жаңа кабинеттер ашылды. Алдағы уақытта Сарыкөл, Меңдіқара, Наурызым аудандарында осындай кабинеттер іске қосылып, балалар өз өңірлерінде сапалы түзету көмегін ала алады.

«Еңбек адамын» дәріптеу идеологиясын енгізуде техникалық және кәсіптік білімнің маңызы зор. Бүгінде облыстағы 33 колледжде 21 694 студент оқиды, олардың 87%-ы мемлекеттік тапсырыс бойынша. Индустриалды кластерді дамыту аясында жаңа мамандықтар ашылуда: соңғы жылдары 21 жаңа мамандық енгізілді, тағы 14-і лицензиялану кезеңінде.
Кәсіпорындардың сұранысына сәйкес мақсатты дайындық жүргізілуде: соңғы үш жылда студенттердің саны екі есеге жуық өсті (687-ден 1 237-ге дейін). Қазір 853 кәсіпорынмен әріптестік орнатылған, олардың қатарында «KamLitKZ», «СарыарқаАвтоПром», «АгромашХолдинг KZ», «Баян Сұлу», ССГПО, «ERG Service», «Қостанай минералдары» сияқты ірі компаниялар бар. Тәлімгер кәсіпорындардың саны 250-ге жетті.
Дуалды оқыту жүйесі дамуда – 7 мыңнан астам студент қамтылған. Түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі – 91%, бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен 10%-ға жоғары.

Колледж студенттерінің жетістіктері де жүйенің тиімділігін дәлелдейді. Өткен оқу жылында 8 студент елдің ТОП-100 үздік жастары қатарына кірді, 5 студент ұлттық деңгейде медаль иеленді. Өңірлік деңгейде 60 құзыреттілік бағыты бойынша жарыстар өткізіліп келеді.
Халықаралық чемпионаттарда да жетістіктер бар: биыл Глеб Сауленко Данияда өткен EuroSkills-2025 чемпионатында кәсіби шеберлігі үшін медальон жеңіп алды.

Осылайша, облыс білім саласында адам капиталын дамыту жолында жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Бұл үдерістің ортасында – шәкірт пен оның болашақта елінің нағыз азаматы болып қалыптасуы тұр.