Қостанай маңындағы елді мекеннің 48 тұрғыны баспаналы болды

Қостанай маңындағы елді мекеннің 48 тұрғыны баспаналы болды

Қала маңындағы Заречный кентінің 48 тұрғыны Конституция күнін жаңа баспаналарында қарсы алады. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған баспаналардың кілттерін бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов табыс етті. Жергілікті атқарушы органдар соңғы үйлерді тапсыру арқылы аталмыш кенттің «Солтүстік» шағын ауданындағы көпқабатты үйлердің құрылысын толығымен аяқтады. «Біз төртқабатты 11 үй тұрғыздық. Олардың үшеуі - жалға беріледі, 8 - несиелік. Бүгін 48 пәтерлі соңғы үйді тапсырамыз. Олар жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтарға арналған. Бүгін 10 жетім бала жаңа үйлерінің табалдырығын аттады. Пәтер иелерінің қалғандары - әлеуметтік әлсіз топтар өкілдері мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері. Шағын ауданның құрылысына шамамен 2,2 млрд теңге жұмсалды», - деді Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Омарбек Қасымов. Жаңа баспана иелерін қоныстойларымен құттықтау үшін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов те келді.

«Республика үшін аса маңызды мемлекеттік мейрам - Конституция күні қарсаңында, сондай-ақ елорданың 20 жылдығына орай «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жаңа үй пайдалануға беріліп отыр. Ең бастысы, облыста жыл сайын жаңа пәтерлер көптеп салынуда. Биылғы жылы ғана 300 мың шаршы метрден астам аумақты пайдалануға беретін боламыз. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, орташа есеппен 10 пайызға жоғары», - деді өңір басшысы.