Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған халықаралық марафон-бәйге өз мәресіне жетті

Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған халықаралық марафон-бәйге өз мәресіне жетті

Кең даланы дүбірге бөлеген айтулы дода мәресіне жетті. 20 қыркүйек күні салтанатты түрде Тобыл-Торғай даласынан бастау алған, өткенге тағзым, бүгінге рух, болашаққа аманат ретінде көрнекті ағартушы, Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдығының құрметіне және Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арнайы ұйымдастырылған Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің жеңімпаздары марапатталды.

«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі ұлттық ат спортының тарихы мен мәдениетін дәріптейді. Бұл тек жарыс емес, халықтың дәстүрі. Батырлық пен ерлікті насихаттайтын ерекше сынақ.
Қазақтың дархан даласын дүбірлеткен тұлпарлар бәйгесі 2022 жылдан бері өткізіліп келеді.

Биылғы марафонға барлығы 3 мемлекеттен 18 команда қатысты. Марапаттау рәсімінде Қырғызстан, Кабардин-Балқар елінен келген спортшыларға қошемет көрсетілді. Еліміздің намысын қорғау үшін Маңғыстау, Алматы, Жетісу, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Абай, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Ұлытау сияқты он облыстан, Астана, Алматы қалаларынан және Қазақстан Халқы Ассамблеясының «Бірлік» командасы қатысты.

Елеулі сәтте «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне қолдау көрсеткен және ұйымдастыруға ұйтқы болып жүрген ұлт руханиятының және ұлттық спорт жанашырлары зор құрметпен сахна төріне шақырылды. Олар: Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі, «Жорық» ат спорты федерациясы «Қамқоршылар кеңесінің» төрағасы Ералы Тоғжанов, Мемлекет және қоғам қайраткерлері Дүйсен Қасейінов, Абай Тасболат және «Жорық» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков.

Алғашқы болып Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов құттықтау сөз сөйледі.

«Бүгін біз ерекше қуаныш пен толқынысқа толы сәттің куәсі болып отырмыз. Торғай өңірінде бастау алған «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі өзінің мәресіне Арқалық қаласына жетті. Бұл бәйге тек спорттық дода емес, бұл халқымыздың тарихын дәріптейтін, ұлттық рухымызды жаңғыртатын, елдігімізді айқындайтын тағылымды шара болды», – деп атап өтті облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

«AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің осыдан үш жыл бұрын тікелей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен басталғанын, Торғай елі алтыншы мәрте өткізіп отырғанын, осы уақыт ішінде марафон-бәйге әлемге танымал халықаралық жарыс деңгейіне көтерілгенін тілге тиек етті.

«Үш жылдың айналасында бұл бәйге алтыншы мәрте өткізіліп жатыр. Осы уақыт ішінде марафон-бәйге әлемге танымал халықаралық жарыс деңгейіне көтеріліп келеді. Осының бәрі Президентіміздің ұлттық спортты дамытуға жасап отырған қамқорлығының, қолдауының арқасы екенін баса айтуға тиіспіз. Бүгінде Ұлттық спорт халқымыздың ұлттық төлқұжатына, мақтанышына, тіпті өмір салтына айналды десе болады», – деді Дәулет Кәрібек.

ҚР Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов Тобыл-Торғай өңірінің Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды ұлы тұлғаларды дүниеге әкелген құтты мекен екенін, ел зиялылары аңсаған Тәуелсіздікке ұрпақтары қол жеткізіп отырғанын, бүгінде қазақ елін әлем танып, дүние жүзіне мәшҺүр болғанын лебізіне арқау етті.

«Дүние жүзінде қазақтың туы желбіреп, рухы асқақтап тұр. Оның бәрі елдің бірлікте болғанының арқасында. «Бірлік» командасы бірінші рет қатысып отыр. Оны Ассамблеяның 30 жылдығымен байланыстырып отырмыз. Тәуелсіздіктің тұғыры – бірлік. Бірлігі бар ел ғана тұрақты дамиды. Тұрақтылық бар жерге ғана халық сенім артады. Сенім болса, инвестиция келеді, халық тұрақтайды. Осындай бірлігі жарасқан елде үлкен тойдың куәсі болып жатырмыз», – деді Ералы Тоғжанов.

Жарыс нәтижесіне тоқталар болсақ, бірінші орынды Қырғызстан командасы жеңіп алды. Екінші орын Ақтөбе облысының еншісінде. Үшінші орынды Қостанай облысының командасы қанжығалады. Төртінші, бесінші орын алған командаларға да сый-сияпат көрсетілді. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жүлдегерлерді құттықтап, келер жылы Арқалық қаласының 70 жылдық мерейтойының құрметіне жарысты жалғастыруды ұсынды.