Облыстағы 492 ауылдық елді мекеннің (АЕМ) 372-сінде байланыс сапасы жоғары – 4G желісі жұмыс істейді.
Байланыс мәселелерін шешу және жұмысты оңтайландыру мақсатында, 2023 жылы облыс әкімдігі екі ірі телеком-оператормен – «Қазақтелеком» АҚ (Kcell) және Beeline Қазақстан («КаР-Тел» ЖШС) – ауылдық елді мекендердегі байланыстың сапасын арттыру жөнінде меморандумдарға қол қойды.
Сонымен қатар, облыс әкімдігі жыл сайын шамамен 50 антенна тұрғызуды жоспарлап отыр. Солардың негізінде байланыс операторлары базалық станциялар орнатады.
Қол қойылған меморандумдар аясында 2024 жылы 44 ауылдық елді мекенде антенна-мачталық нысандардың құрылысы аяқталды. Бүгінгі күні олардың 42-сінде базалық станциялар іске қосылды. Қалған станцияларды ресми іске қосу осы жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған.
Халықты кемінде 100 Мбит/с жылдамдықпен кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметі «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын бекітті.
Жобаның негізгі бағыты – ауылдық жерлерде талшықты-оптикалық байланыс желісін кеңейту. Бұл желі арқылы денсаулық сақтау, білім беру, мемлекеттік мекемелер және басқа да нысандар интернетке қосылады.
Осылайша, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға дейін облыстағы 301 ауылдық елді мекен интернетпен қамтылмақ.
Сонымен бірге, рельефі күрделі 34 ауылдық елді мекенге төмен орбиталы спутниктік жүйелер арқылы интернет жеткізу көзделген.
Меморандумдар мен ұлттық жобаны жүзеге асыру нәтижесінде барлық ауылдық елді мекендер, соның ішінде шағын ауылдар да, әртүрлі технологиялар (талшықты-оптика, спутник, 4G) арқылы интернетпен қамтамасыз етіледі.
Ақпараттандыру басқармасы тұрғындардан түскен интернет сапасына қатысты шағымдарға жедел әрекет етіп, оларды шешу үшін кешенді шаралар қабылдауда. Жергілікті халықтан келіп түскен ақпарат талданып, байланыс операторларына ауылдардағы қамту аймағын және интернет тұрақтылығын жақсарту бойынша сұраулар жолданады.
Барлық байланыс операторлары проблемалық мәселелерді шешу және облыс аумағында телекоммуникациялық қызметтердің сапасын жақсарту бағытында жұмыстар атқарып келеді.