Қостанай облысының туристік инфрақұрылымы қалай дамып келеді

Қостанай облысының туристік инфрақұрылымы қалай дамып келеді

Бүгінгі таңда туризм саласы – сауда, қоғамдық тамақтандыру мен қонақ үй қызметін көрсету сияқты экономикаға қатысты өзге де салалардың дамуына тікелей ықпал ететін, болашағы зор қызмет түрлерінің бірі болып отыр.

Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі 2,0 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 33,2%-ға артқан.

Өңірге келген қазақстандық азаматтардың саны – 121,9 мың адамды, шетелдік туристердің саны – 6,0 мың адамды құрады. Нөмірлік қор 6331 төсек-орыннан тұрады.

Жалпы облыс аумағында 2 шипажай, 1 оңалту орталығы, 94 қонақ үй, 2 мотель, 4 хостел, 14 демалыс базасы жұмыс істейді.

Туристердің ерекше қызығушылығын тудыратын негізгі нысандар – «Сосновый бор» шипажайы, Наурызым қорығы және «Термопарк» кешені. Бұл нысандар қажетті инфрақұрылыммен қамтылған және көлік қатынасы да қолжетімді.

Туризмді дамытудың маңызды буыны – санаторий-курорттық демалыс. Бүгінде облыста 2 шипажай мен 14 демалыс базасы қызмет көрсетуде.

Емдеу-сауықтыру бағытындағы негізгі нысандар Алтынсарин ауданының курорттық аймағында орналасқан. Олардың қатарында «Сосновый бор» шипажайы, «Жайляу» сауықтыру-ойын-сауық кешені, «Мюнхен», «Бордағы ауыл» демалыс базалары бар.

Аймақта сауықтыру туризмін дамытуға қолайлы әрі қызықты өзге де орындар бар екендігін атап өту қажет.

Солардың бірі – Мендыкарин ауданындағы Қарабаев атындағы оңалту орталығы. Ол күрделі жөндеуден кейін өз қызметін қайта жалғастырды.

Аймақта туризмнің әлі де аса кең танымал болмауына қарамастан, бұл сала біртіндеп дамып келеді: жаңа әуе рейстері ашылуда, инвестициялық жобалар іске асырылуда, экскурсиялар ұйымдастырылуда.

Қазіргі уақытта облыста туризм саласында бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Соның ішіндегі ең ауқымдысы – Амангелді ауданында көпфункционалды туристік кешеннің құрылысы. Оның аумағында Үндістандағы Тәж-Махалдың, Мексикадағы Чичен-Ица ғимаратының, Эйфель мұнарасының көшірмелері тұрғызылған.

Сонымен қатар, бұл жерде әлемде теңдесі жоқ 200 белгілі қазақстандық тұлғаның есімі жазылған Ұлттық жады қабырғасы орнатылған.

Туристердің ыңғайы үшін аумақта қонақ үй, мейрамхана, жазғы амфитеатр, спорт және балалар алаңдары салынған. Жобаның жалпы құны – 3,5 млрд теңге, құрылысты ағымдағы жылы аяқтау жоспарланған.

Аталған туристік нысан алдағы уақытта Торғай өңірінің басты туристік орталығына айналып, тек хабқа ғана емес, жақын аймақтардағы өзге де тарихи-мәдени және табиғи орындарға туристерді тартуға мүмкіндік береді.

Аудан аумағында ғылыми қауымдастық пен туристердің зор қызығушылығын тудырып отырған бірегей ескерткіштер – Торғай геоглифтері орналасқан («Торғай свастикасы» Амангелді ауылынан 22 км, «Үштоғай шаршысы» 125 км қашықтықта).

Сондай-ақ аудан кіреберісінде орналасқан «жүретін» Құмкешу бархандары да қонақтар үшін ерекше қызық.

Күнделікті күйбеңнен алшақтап, тынығу үшін Денисов ауданында «Шаңырақ» демалыс базасының құрылысы жүріп жатыр. База Тобыл өзенінің бойында, Жоғарғы Тобыл су қоймасының аумағында орналасқан. Жобаның бірінші кезеңі аяқталып, екі жайлы жағажай, катамаран жалдау бекеті бар пирс, көлеңкелі және балалар алаңдары, «Балықшы ауылы» тұрғын кешенінде жыл бойы тұруға арналған 6 жайлы үй және 8 гриль-аймақ салынды.

Облыс аумағында жыл бойғы «Баден Баден» атты жаңа термалды кешеннің құрылысы да жоспарланған. Жобаға франшиза сатып алынып, жер телімі бөлінген, болжамды құны – 3,5 млрд теңге. Жоспар бойынша ол 2028 жылға дейін іске асырылмақ.

Сонымен қатар, Тобыл қаласында халықаралық «Courtyard by Marriott Kostanay» қонақ үй кешенінің құрылысы қолға алынуда. Жобаның құны – 9,8 млрд теңге, кешен 9 қабаттан, 141 нөмірден тұрады.

Қостанай қаласында халықаралық «Holiday Inn» қонақ үй кешенінің құрылысы да жоспарланған. Жобаның құны – 9,0 млрд теңге, 100 нөмірден тұрады.

Қостанай әуежайы аумағында бұрынғы жатақхана ғимараты қайта жөнделіп, қонақ үйге айналдырылуда, жоба құны – 600 млн теңге.

2024 жылы Алтынсарин ауданында «MUNCHEN» демалыс базасының құрылысы жүзеге асырылып, оған 700 млн теңге жұмсалды.

Ағымдағы жылы Арқалық қаласында бұрынғы автовокзал ғимараты қайта жөнделіп, қонақ үй кешеніне айналды. Жоба құны – 200 млн теңге.

Жыл соңына дейін Алтынсарин ауданында «Green House» демалыс аймағының құрылысы аяқталады деп күтілуде, құны – 150 млн теңге.

Сонымен бірге, Қостанай қаласында туристердің бос уақытын қызықты өткізу үшін «Осминог» аквапаркін қайта құру жобасы басталды. Жобаның құны – 11,2 млрд теңге, сыйымдылығы – 1200 адам. Жоспар бойынша жоба 2026 жылы аяқталады.