Қостанай облысында 1200 орындық заманауи мектеп ашылды

Қостанай облысында 1200 орындық заманауи мектеп ашылды

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен Рудный қаласында 1200 орындық мемлекеттік және орыс тілінде оқытатын мектептің салтанатты ашылуы өтті.

Бұл мектеп Eurasian Resources Group (ERG) компаниясымен жасалған ынтымақтастық меморандумы аясында салынды. Жобаға 8 млрд теңге инвестиция құйылып, ғимарат толықтай заманауи талаптарға сай жабдықталған.

Салтанатты жиында облыс әкімі құттықтау сөз сөйлеп, атап өтті:

«Мемлекет басшысы әрдайым мектеп – білім мен тәрбиенің қасиетті ордасы екенін, сапалы білім – әлеуметтік саясаттың басты басымдығы екенін ерекше айтады. Бүгін біз Рудный қаласында 1200 орындық заманауи мектепті ашып отырмыз. Бұл – мемлекет пен бизнестің бірлескен еңбегінің нәтижесі. Жаңа білім ошағы барлық заманауи талаптарға сай, балаларға сапалы білім алуға, спортпен және шығармашылықпен айналысуға толық мүмкіндік береді. Сенемін, бұл мектеп жас ұрпақтың бойына адалдықты, еңбекқорлықты, отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікті дарытатын берік негіз болады».

ERG директорлар кеңесінің төрағасы, бас атқарушы директоры Шұғрат Ибрагимов пен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің департамент директоры Бүлбүл Елеусинова да жылы лебіздерін білдіріп, шахтерлер қаласында көп жылдан кейін мектеп ашылуының маңыздылығын атап өтті.

Шұғрат Ибрагимов өз сөзінде былай деді:

«Бұл жоба еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған «Келешек мектептері» ұлттық бастамасының бір бөлігі болғанына біз мақтан тұтамыз. Ұлы ғалым, Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш академигі, отандық геология ғылымына өлшеусіз үлес қосқан Қаныш Сәтбаевтың сөзі бар: «Болашақ – жастардың қолында. Бірақ ол болашаққа білім қазынасымен бару керек». Біз салған мектепте осыған барлық жағдай жасалғанына сенімдімін».

Салтанатты шарада ең толқулы сәт – бірінші сынып оқушылары үшін алғашқы қоңырау соғылды. Алда оларды жаңалықтарға толы жылдар мен жаңа жетістіктер күтіп тұр. Жаңа №2 гимназияда ол үшін барлық мүмкіндік бар.

Мектептің күмбезді холлында оқушыларды «Білім ағашы» атты өнер туындысы қарсы алады. Ол – өсу мен дамуды, тұрақтылықты бейнелейтін символ.

Жаңа мектепте 60 оқу кабинеті, 4 компьютер сыныбы, STEM-зертхана, робототехника кабинеті, түрлі шеберханалар мен шетел тілдерін меңгеруге арналған лингафон кабинеттері бар.

Экологияға ерекше мән берілген: мектеп шынайы экожүйе іспетті жобаланған. Энергияны күн батареялары арқылы алу – шығынды азайтумен қатар, экологиялық тәрбиенің де маңызды бөлігі.

Оқушылардың жан-жақты дамуы үшін спорт және хореография залдары, спорт алаңдары, 380 орындық акт залы (сахна, грим-бөлмелер, LED-экранмен), жас тілшілерге арналған медиа-аймақ пен подкаст студиясы қарастырылған.

Оқушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін лифт, жеке шкафтар, асхана, медицина блогы және инклюзия кабинеті бар.

Мектеп кітапханасы медиатекамен, көркем әдебиеттер қорымен, жарық коворкинг-аймақтарымен және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған.

Білім сапасын арттыру үшін педагогтер құрамына цифрлық көмекшілер қолдау көрсетпек. Олар оқушылардың әлсіз және мықты тұстарын сараптап, жеке тапсырмалар мен даму бағыттарын ұсынатын болады.

Сонымен қатар, ERG мен «Teach for Qazaqstan» қоғамдық қорының бірлескен жобасы аясында Рудныйға STEM-пәндерін оқытатын төрт тәжірибелі мұғалім тартылды. Олар әлеуметтік және ғылыми жобаларды жүзеге асырып, мектеп қауымдастығын дамытуға үлес қоспақ.

Бұл – сапалы білім мен шығармашылықты ұштастыратын орта қалыптастыруға бағытталған қадам.

Өткен оқу жылында аймақта 3 360 орындық бес жаңа мектеп ашылды. Соның төртеуі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жүзеге асқан. Жаңа оқу жылында Рудныймен қатар, Әулиекөл ауданы Құшмұрын ауылында да 300 орындық жаңа мектеп өз есігін айқара ашты. Жыл соңына дейін Рудныйда тағы бір мектеп іске қосылмақ.