Қостанай облысында ұлттық жадыны ұлықтаған ескерткіш ашылды

Қостанай облысында ұлттық жадыны ұлықтаған ескерткіш ашылды

Амангелді ауданында әлемдік деңгейдегі тарихи-мәдени оқиға өтті

2025 жылдың 5 тамызында Қостанай облысы, Амангелді ауданындағы «Тәж Торғай» туристік кешенінде Қазақстан тарихында айрықша орын алатын айтулы жоба – «Ұлттық жады қабырғасының» ашылу салтанаты өтті. Маңызды нысан халықаралық деңгейде мойындалып, Global Book of Records әлемдік рекордтар кітабына ресми түрде тіркелді.

Жобаның басты мақсаты – халқымыздың тарихи жадын жаңғырту, ел тарихында өшпес із қалдырған біртуар тұлғалар мен тағдырлы оқиғалар жайлы мәліметтерді жас ұрпақтың санасына сіңіру. Қабырғадан қазақ халқының азаттық жолындағы күрестері, ұлттық рухты көтерген тарихи кезеңдер, сондай-ақ шетелде билік етіп, сол жерде мәңгілік тыныс тапқан бабалардың есімдері көрініс тапқан.

Қабырғаның ұзындығы – 35 метр, биіктігі – 3 метр 80 сантиметр. Бұл тек сәулет өнерінің үлгісі ғана емес, сонымен қатар ұлттық сананы тәрбиелейтін рухани орталыққа айналды.

Жобаның авторы әрі демеушісі – белгілі қоғам қайраткері, «Тілеп» қайырымдылық қорының президенті, Амангелді ауданының Құрметті азаматы Сапар Ысқақұлы Ысқақов. Елдің руханияты мен тарихи танымына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтың бастамасымен бұл бірегей ескерткіш өмірге келді.

Ашылу салтанатына республикалық және халықаралық деңгейдегі құрметті қонақтар, тарихшы ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, БАҚ қызметкерлері мен блогерлер қатысты. Жиында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, тарих ғылымдарының докторлары мен кандидаттары, танымал сарапшылар сөз сөйлеп, бұл жобаның ел үшін маңыздылығына тоқталды.

Атап айтқанда, халықаралық талаптарға сай сараптама жүргізу үшін келесі беделді мамандар арнайы шақырылды:

  • Дерех Самир Али – Сирия Араб Республикасының Қазақстандағы бұрынғы Құрметті консулы (2010–2017);
  • Орденбек Блесбекұлы Мазбаев – география ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры;
  • Жеңіс Жомарт Жеңісұлы – тарих ғылымдарының кандидаты, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары;
  • Күзембаев Аманжол – тарих ғылымдарының докторы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры.

Салтанатты рәсім барысында Global Book of Records ұйымының Азия мен Африка аймағы бойынша бас офицері Қуандық Құдайбергенов сөз сөйлеп, «Ұлттық жады қабырғасының» әлемдік рекордтар қатарына енгенін ресми түрде жариялады.

Осы тарихи сәтке орай ұлттық киім киген жастар 34 елдің туын көтеріп, бейбітшілік пен достықты, болашаққа деген сенімді білдірді. Сахнада туған жер мен ел тарихына арналған әндер шырқалып, этноауыл, ұлттық өнер мен қолөнер көрмелері, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.

Амангелді ауданы осындай ауқымды әрі мазмұнды жобаның арқасында халықаралық деңгейде танылып, мәдени туризм саласына жаңа серпін берді. Бұл оқиға – тек аудан үшін ғана емес, тұтас Қостанай облысы мен Қазақстанның рухани әлеуетін әлемге паш еткен маңызды қадам.

«Ұлттық жады қабырғасы» – халқымыздың өткені мен бүгіні арасын жалғайтын, келер ұрпақ бойына отансүйгіштік пен тарихи сананы сіңіруге бағытталған тағылымды ескерткіш.