Ел Президентінің тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Қостанай қаласының «Астана» және «Бәйтерек» жаңа шағын аудандарында салынып жатқан тұрғын үйлер және инфрақұрылым нысандарының құрылыс барысымен танысты.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы: «Қолжетімді баспана — арман емес, азаматтар алдындағы біздің міндетіміз», - деген болатын. Осы тапсырманы басшылыққа ала отырып, аймақта соңғы екі жылда 1 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді.
«Астана» және «Бәйтерек» шағын аудандары облыс орталығындағы ең ірі тұрғын алаптардың бірі болмақ. Мұнда барлығы 154 көпқабатты үй салу жоспарланып отыр, ал бұл -14 мыңнан астам жаңа пәтер.
Бүгінгі таңда бес қабатты 10 үйдің құрылысы аяқталуға жақын – яғни жұмыс 95% орындалды. Сонымен қатар, тағы 13 осындай ғимараттың құрылысы басталды.
Жобада тұрғын үйлерден бөлек, заманауи инфрақұрылымды құру қарастырылған. Мұнда «ақылды» аялдамалар, бейнебақылау жүйелері, балалар және спорт алаңдары орнатылатын болады. Тұрғын үйлерден жаяу қашықтықта мектептер, балабақша, көпсалалы аурухана, демалыс орталықтары мен спорт сарайы орналасады.
Жаңа тұрғын алабын үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін қуаттылығы 49,5 Гкал газ қазандығы салынып жатыр. Нысанда құрылыс-монтаждау және іске қосу жұмыстары жалғасып, жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде.
«Осындай ауқымды жобаны жүзеге асыру – тұрғын үй жағдайын жақсарту ғана емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беру. Халықты баспанамен, толыққанды өмір сүруге қолайлы ортамен қамтамасыз ету маңызды», - деді Құмар Ақсақалов.
Осы ретте, жастарды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Өңірде «Қостанай жастары» бағдарламасы жалғасуда, оның аясында үш жылда 340-тан астам жас тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бағдарлама 2025 жылы жалғасатын болады. Ағымдағы жылы оны қаржыландыру «Отбасы Банк» АҚ қаражатын қоса алғанда, 938 млн теңгені құрап отыр.