Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрақты даму мен экономиканы «жасыл» трансформациялау бағытындағы саясаты Қостанай облысында белсенді түрде жүзеге асырылуда.
Қостанай өңірі бұл салада нақты нәтижелер көрсетіп келеді. 2022 жылы Қостанай ауданында қуаттылығы 50 МВт болатын жел электр станциясы іске қосылды. 2023 жылы Арқалық қаласында тағы бір қуаттылығы 48 МВт болатын жел электр станциясының құрылысы аяқталды. Бұл жобаға 20,3 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды.
Ауқымды инвестициялар – өңір болашағына салынған капитал
2025–2026 жылдар аралығында өңірде жалпы қуаты 1,2 ГВт болатын жаңартылатын энергия көздері саласында алты ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Тартылатын инвестиция көлемі шамамен 545 млрд теңгені құрайды.
Аталған жобалар қатарында Бейімбет Майлин ауданындағы күн және газпоршенді электр станциялары, Арқалық пен Қостанай ауданындағы жел станциялары бар. Ерекше назар аударарлық жоба – қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциясы, оның аясында 165 жел генераторын орнату көзделген.
Энергетикалық серпіліс: өндіріс көлемі 10 есе артады
Жобалар толық іске асқанда, Қостанай облысында электр энергиясын өндіру көлемі 0,12 ГВт-тан 1,27 ГВт-қа дейін, яғни 10 есеге дейін ұлғаяды. Бұл өңірдің өзінің энергетикалық қажеттіліктерін толық қамтамасыз етіп қана қоймай, артық көлемді көршілес облыстар мен шет мемлекеттерге экспорттауға мүмкіндік береді.
Болашақ – таза энергетикада
«Облыс экономикасын дамыту мен инвестиция тарту үшін ең алдымен электр энергиясы мен газ бойынша қуат қорын қамтамасыз ету қажет», – деп атап өтті облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің мәліметінше, барлық жобалар жүзеге асырылғаннан кейін, 2027 жылдың соңына қарай Қостанай облысы еліміз бойынша баламалы энергия өндіру көлемі жөнінен көш бастайды.