Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлерде шағын және орта бизнесті дамыту үшін жағдай жасалуда. Солардың бірі – Қостанай қаласындағы жоба. Мұнда «Большевичка» кәсіпорнының аумағында шағын өнеркәсіп аймағының құрылысы басталды.
Бүгін аталған нысандағы жұмыстардың барысын Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов тексерді. Аймақ басшысы мұндай жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Мұнда ұзақ жылдар бойы бос тұрған өндірістік алаңдар орналасқан. Қазір бұл нысандар жаңа тыныс алуда, – деді Құмар Ақсақалов. – Бос жатқан ғимараттар орнына жаңа цехтар, жұмыс орындары, кәсіп бастайтын мүмкіндік пайда болып отыр.
Алаңда жиһаз және тігін цехтарын жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда. Инвестиция көлемі – 5,5 млрд теңге. Жобаны «Бестекс» ЖШС қолға алған. Жұмыстар аяқталған соң мұнда жылына 200 мыңға дейін бұйым шығарылып, 150 жаңа жұмыс орны ашылады.
Шағын өнеркәсіп аймақтары – бұл шағын және орта бизнеске арналған дайын инфрақұрылымы мен қолайлы шарттары бар арнайы өндірістік алаңдар.
Болашақта мұнда жиһаз, терезе, тігін бұйымдары, полиграфия, қағаз, бронежилет және өзге де өнім түрлерін өндіретін кәсіпорындар орналасатын болады.
Сонымен қатар, бұл жерде білім беру және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Мода және дизайн институтын ашу және студенттерге арналған кампус салу көзделген.
– Бизнестің өндірісті ғана емес, адам капиталына да инвестиция сала алатынын көріп отырмыз. Бұл – кешенді тәсілдің жарқын мысалы, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, бүгінде кәсіпорын базасында колледж студенттері дуальды білім беру аясында тәжірибеден өтуде. Олардың 36-сы практикалық оқудан өтсе, 24-і мақсатты жолдамамен білім алуда.
Шағын өнеркәсіп аймақтарын құру – индустрияландыру мен экономикалық өсудің бір бөлігі. Мұндай жобалар импортқа тәуелділікті азайтып, жұмыспен қамтуды кеңейтіп, өңір экономикасында ШОБ үлесінің артуына ықпал етеді.