Жаңа көшелер, жасыл аймақтар мен жаңартылған жолдар – Қостанай облысында қалалық және жол инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Өзгерістердің өзегінде – Қостанай қаласы мен оның тұрғындары тұр.
Мақтануға тұрарлық жағалау
Қолайлы қалалық орта туралы идеяның шынайы өмірге айналған жарқын мысалы – Қостанайдағы «Шағала» жағалауы. Бұған дейін мұнда инфрақұрылымы шектеулі шағын ғана аумақ болған еді. Бүгінде бұл толыққанды демалыс және серуен аймағына айналды: жаяу жүргінші жолы 1 шақырымнан 2,5 шақырымға дейін ұзартылды, ал жағажай аумағы үш есеге – 100-ден 300 шаршы метрге дейін кеңейтілді.
Тобыл өзені бойына мыңнан аса ағаш, 15 мың шаршы метр көгал егілді, 78 мыңнан астам біржылдық және 2,6 мың көпжылдық гүлзар отырғызылды. Демалушыларға арналған 100 жиналмалы шезлонг қойылды. Қала тұрғындары белсенді пайдаланып жатқан спорт алаңдары да салынды.
– Жағажайға орнатылған спорт алаңы үшін үлкен рақмет. Біз достарымызбен жиі волейбол ойнаймыз. Идеал болмаса да, ең бастысы – нәтиже бар, әрі ол көзге көрініп тұр, – дейді қала тұрғынының бірі.
Тұрғын пікірі – басты назарда
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жаңартылған нысандарды өзі аралап көріп, тұрғындармен жүздесті. Тексеру барысында ол былай деді:
– Біз әрбір тұрғын – бала да, қарт та – өзіне жайлы әрі қауіпсіз сезінетін кеңістіктерді жасақтап жатырмыз. Қауіпсіздік пен жайлылық – біздің басты бағдарымыз. Біз адамдардың пікіріне құлақ асамыз: айтылған әр ұсыныс – жұмысқа негіз.
Осындай ұстаным өз нәтижесін беруде: қалада «Әбілсай» паркі мен Арыстанбеков көшесінің жасыл аймағы абаттандырылды. Биыл тағы бірқатар жаңа кеңістіктер пайда болмақ: Темірбаев пен Әл-Фараби көшелерінің қиылысындағы сквер, Құнай шағын ауданында және АШИ маңында саябақтар. Сонымен қатар Қасымханов пен Тәуелсіздік көшелерінің қиылысында қоғамдық кеңістік құру идеясы пысықталуда.
90 көше жөндеуде: алғашқы нәтижелер бар
Қоғамдық кеңістіктермен қатар, Қостанайда көше-жол желісі де жаңартылуда. Тек облыс орталығында 2025 жылы 90 көше жөнделеді деп жоспарланған. Аудан орталықтары мен ауылдық жерлер де қамтылған – жалпы облыс бойынша 103 елді мекендегі 400-ден астам көше жөнделуде. Бұл мақсатқа 29 миллиард теңге бөлінген.
Көңіл аударарлық жобалардың бірі – Рудный–Қостанай тас жолының қайта жаңғыртылуы. Бұрын сынға іліккен бұл учаске енді жаңаша кейіпке енді: жаңа асфальт-бетон жабындысы, жаяу жүргінші жолдары, жарықтандыру мен су ағызу жүйесі орнатылды. Бұл тек қолжетімділікті емес, жол қозғалысы қауіпсіздігін де арттырды.
– Мұнда тек жол емес, өмір сапасы туралы айтып отырмыз. Адамдар үйіне бара жатқан жолдың өзінде жайлылықты сезінуі керек. Қауіпсіз, ыңғайлы жолдар – заманауи инфрақұрылымның өзегі, – дейді Құмар Ақсақалов.
2023 жылдан бері облыс қарқынын үдетіп келеді. Мәселен, 2022 жылы жол жөндеуге 8,5 миллиард теңге бөлінсе, 2023–2024 жылдары бұл көрсеткіш 20 миллиардқа дейін өсті, ал биылғы жылы – рекордтық 29 миллиард теңге. Бұл – екі жыл бұрынғыдан 3,6 есе көп әрі республикалық орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары.
Стратегиялық бағыттар: Жезқазғаннан Петропавлға, Орталықтан Батысқа
Ерекше бақылауда – республикалық маңызы бар жолдар. Облыс аумағында «Жезқазған – Петропавл» автожолының 44 шақырымы жөнделді, жыл соңына дейін тағы 71 шақырымды аяқтау жоспарланған.
Сондай-ақ елорда мен батыс өңірлерді жалғайтын «Орталық – Батыс» көлік дәлізін жүзеге асыру жұмыстары жүріп жатыр. Қостанай облысы аумағындағы ұзындығы – 401 шақырым. Жобада жаңа көпірлер, көлік айрықтары, сервистік нысандар мен елді мекендерді айналып өтетін жолдар қарастырылған. Арқалық пен Торғайда алғашқы учаскелер маусымда ашылды. Дайындық жұмыстары толық аяқталған, ал 2026 жылы құрылыс толық қарқын алады.
Нәтиже – орнықты даму және баршаға қолайлы орта
Қостанай облысында болып жатқан өзгерістер – бір реттік жобалар емес, жүйелі стратегияның құрамдас бөліктері. Аула абаттандыру, саябақтар, көлік дәліздері, жарықтандырылған көшелер – бәрі де адамға бағытталған жаңа ортаны қалыптастыруға қызмет етеді. Қала тұрғыны өз шаһарында өмір сүріп, жұмыс істеп, демалу үшін барлық жағдайдың болғанын қалайды.
Демек, басты мақсат та айқындала түседі – Қостанай облысы жайлы өмір сүруге болатын өңірге айналуда.