Қостанай облысының ормандары мен жасыл желектері: көгалдандыру мен тұрақтылық бағыты

Қостанай облысының ормандары мен жасыл желектері: көгалдандыру мен тұрақтылық бағыты

Қостанай облысының ормандары экологиялық, климаттық, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан зор маңызға ие.

Бүгінгі таңда Қостанай облысы әкімдігінің қарамағында 462,0 мың гектар мемлекеттік орман қоры бар, оның 207,5 мың гектарын орманмен көмкерілген алқаптар құрайды. Соңғы үш жыл ішінде орман қорына жатқызылған жерлер көлемі 4,3 мың гектарға (457 718 гектардан 462 009 гектарға дейін) артты. Бұл өсім қордағы бос жатқан жерлерді орман қорына ауыстырып, орман отырғызу жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде орын алды.

Қостанай қаласының маңында орналасқан мемлекеттік орман қорының "елді мекендердің жасыл белдеуі мен сауықтыру мақсатындағы аймақтар" санатына жататын 6188 гектар жер бар. Соның ішінде 4502 гектар жер орманмен көмкерілген.

2021–2024 жылдар аралығында орман қоры жерлерінде 8,7 мың гектар аумақта 55,4 миллион түп көшет отырғызылды. Бұл 2021–2027 жылдарға арналған Орманды молықтырудың кешенді жоспары аясында жүзеге асырылуда. 2025 жылға белгіленген жоспар бойынша 2,9 мың гектарға 19,2 миллион көшет отырғызу көзделген. Ағымдағы жылдың көктемінде 2,9 мың гектар аумаққа 14,5 миллион көшет отырғызылды. Күз мезгілінде 0,8 мың гектарға 4,7 миллион көшет отырғызу жоспарлануда.

2022 жылы Аманқарағай өңірінде орын алған ірі орман өрті салдарын жою жұмыстары жалғасуда. 2022 жылғы қарашадан 2025 жылғы шілде айына дейін өртенген аумақтың 61,7%-ына ағаш кесу жұмыстары жүргізілді, орманмен жабылған өртенген жерлердің 34,8%-ы толық өңделді.

Жалпы, өртенген аумақта 432 гектар жерге 2,9 миллион қарағай көшеті отырғызылды. Сонымен қатар, табиғи орман қалпына келуі де байқалады: қайың мен көктеректің жас өркендері өсіп шыға бастады, көптеген жерде қарағайдың өздігінен көбеюі тіркелуде.

Орман қоры жерлеріндегі орманды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Бұл жұмыстар орманмен көмкерілген аумақты ұлғайтуға және облыстың ормандылығын арттыруға бағытталған.