KIA АВТОЗАУЫТЫ ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНДА ІСКЕ ҚОСУҒА ДАЙЫН

KIA АВТОЗАУЫТЫ ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНДА ІСКЕ ҚОСУҒА ДАЙЫН

KIA ЗАУЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ: KIA CORPORATION БІРІНШІ АТҚАРУШЫ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ ҚАЗАҚСТАНҒА АРНАЙЫ ІС-САПАРМЕН КЕЛДІ

Жаңа KIA автозауыты — Қазақстандағы ең ірі өнеркәсіптік жобалардың бірі, отандық машина жасау саласындағы ең ауқымды құрылыс.

Бүгін Қостанайдағы KIA зауыты шешуші тексерістен өтті. Оны арнайы келіп, әлем бойынша KIA зауыттарының жұмысына жетекшілік ететін KIA Corporation компаниясының бірінші атқарушы вице-президенті Чон Чжунчхоль тексеріп шықты.

KIA Corporation вице-президентінің Қостанай облысына сапары бұл кезеңнің маңыздылығын айқындады: ол кәсіпорынның толық дайындығына жеке өзі көз жеткізді.

Зауыт құрылысы рекордтық қысқа мерзімде – 2023 жылдың күзі мен 2025 жылдың жазы аралығында аяқталды. KIA Corporation тарапынан жобаға 117 млрд теңге тікелей инвестиция салынды. Бұл – Оңтүстік Кореядан тыс жерде автомобиль өнеркәсібіне құйылған ең ірі шетелдік капиталдардың бірі. Жалпы инвестиция көлемі – 131,5 млрд теңге.

«Бұл – өңір тарихындағы ең ірі шетелдік өндіріс. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының және барлық құрылымдардың үйлесімді жұмысының арқасында зауыт небәрі бір жарым жылда салынды», — деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Жоба мемлекеттік деңгейде толық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді: жолдар, теміржол тармақтары, инженерлік желілер салынды.

Жаңа өндірістің іске қосылуы – инвестициялық көлемі жағынан ғана емес, әлеуметтік әсері тұрғысынан да маңызды. Алғашқы кезеңде 1 500-ден астам жұмыс орны ашылады. Бұл – аймақтағы еңбек нарығын күшейтіп, қостанайлық жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын ең ірі жобалардың бірі.

Сонымен қатар, автозауыт маңында Локализациялау орталығының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жерде тағы 800 адам жұмыспен қамтылады. Орталықта автомобильге арналған орындықтар, шығатын газ жүйесінің бөлшектері және пластикалық элементтер шығарылады.

Жаңа зауыттың ерекшелігі – автоматтандырылған және роботтандырылған өндірістік процестер. Кәсіпорын озық автоматтандырылған желілермен жабдықталған, бүгінде онда 67 робот іске қосылған. Бұл зауытты өңірдегі ең заманауи өндіріс орындарының біріне айналдырады.

Жоғары технологиялы өндіріс үшін кадрларды дайындау корейлік Dong-Eui университетімен, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетімен және жергілікті колледждермен бірлесіп жүзеге асырылды. Бұл зауыт іске қосылмай тұрып-ақ кәсіби мамандардың командасын жасақтауға мүмкіндік берді. Негізгі басымдық – жергілікті мамандарға беріліп отыр.

«Біз Орталық Азияда инвестиция салатын елді таңдаған кезде, таңдауымыз Қазақстанға түсті — бұл Еуразияның қақ ортасында орналасқан ел. KIA үшін бұл – өте маңызды әрі стратегиялық жоба, — деді KIA Corporation компаниясының бірінші атқарушы вице-президенті Чон Чжунчхоль. — Қазақстан тарапынан, әсіресе зауыт пен локализациялау орталығының инфрақұрылымын дамытуда көрсетілген қуатты қолдаудың арқасында біз жобаны белгіленген мерзімде іске асыра алдық.

Қазір біз автокомпоненттер жеткізушілерін анықтау бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Мақсатымыз — негізгі бөлшектерді тікелей Қазақстанда өндіру. Бұл жобаның болашағына сенеміз және Қазақстанмен, Қостанай облысымен ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуға ниеттіміз. Жергілікті мамандардың кәсібилігіне ерекше алғыс айтқым келеді – қостанайлық мамандардың дайындығы бізді шынымен таңғалдырды».