Таза табиғат – ортақ іс: жастар мен тұрғындар «Таза Қазақстан» үшін

Таза табиғат – ортақ іс: жастар мен тұрғындар «Таза Қазақстан» үшін

2024 жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске қосылған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар жалғасуда. Бағдарламаның басты мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, азаматтардың экологиялық сауаттылығын арттыру және еліміздің өңірлерінде қоршаған ортаның жағдайын жақсарту.

2025 жылдың 14 шілдесінде Қостанай облысының екі бірдей елді мекенінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде кең көлемді экологиялық шаралар өтті.

Қарабалық ауданының Қарабалық кентінде аудан әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты Жастар ресурстық орталығының бастамасымен Тобыл өзені жағалауын тазалау бойынша экологиялық акция ұйымдастырылды. Бұл шараға жастар белсенділері, еріктілер мен жергілікті тұрғындардан құралған 50-ге жуық адам қатысты.

Шараның мақсаты — тек жағалауды қоқыстан тазарту емес, сонымен қатар жастар арасында табиғатқа деген жанашырлықты тәрбиелеу, экологиялық жауапкершілік пен саналы мінез-құлық дағдыларын дамыту. Қарабалық кентінде сенбіліктер өткізу, ағаш отырғызу, көгалдандыру сынды жұмыстар дәстүрге айналған. Бұл игі істерге мектеп оқушылары, студенттер мен жергілікті тұрғындар белсенді қатысып келеді. Акцияға қатысушылардың айтуынша, қоршаған ортаның тазалығы — қоғам денсаулығының кепілі, әр азамат табиғатты қорғауға өз үлесін қоса алады.

— Таза орта — бұл денсаулық пен сергек өмірдің негізі. Табиғатқа деген қамқорлықты өзімізден бастап, өзгелерге үлгі болуымыз керек, — деді шараны ұйымдастырушылар. Сонымен қатар олар аудан тұрғындарын және барша қазақстандықтарды экологиялық бастамалар мен сенбіліктерге белсенді қатысуға шақырды. Өйткені «Таза Қазақстан» – нағыз отансүйгіштіктің көрінісі.

Сол күні Арқалық қаласында да «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қалалық экологиялық акция өтті. Іс-шараға қала тұрғындары, коммуналдық қызмет мамандары, еріктілер мен «Жасыл ел» сарбаздары қатысты.

Акция барысында көпқабатты және жеке үйлердің аулаларын тазалау, ағаш діңдерін әктеу, арамшөптерді шабу сынды жұмыстар атқарылды. Сондай-ақ, скверлер, аллеялар, саябақтар мен су қоймаларының жағалаулары тазартылды. Бұл жұмыстардың көп бөлігін «Жасыл ел» жасақтары орындады. Бұл — жастардың қалалық ортаны жақсартуға белсенді үлес қоса алатынын көрсететін жарқын мысал.

Қарабалық ауданы мен Арқалық қаласында өткен бұл экологиялық іс-шаралар Қостанай облысы тұрғындарының «Таза Қазақстан» бағдарламасын белсенді түрде қолдайтынын, қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға нақты үлес қосып жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.

— Бүгінгі акциялар – жай ғана қоқыс жинау емес, бұл — қоғамның бірлігі мен болашақ үшін жауапкершілігін білдіретін нақты қадам. Табиғатты тек бірлесіп әрекет еткенде ғана сақтап қала аламыз, — деді қатысушылар.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы мемлекет, бизнес, қоғамдық ұйымдар мен азаматтардың күшін біріктіре отырып, экологиялық жауапкершілігі жоғары қоғам қалыптастырып, өңірлерді табиғатқа жанашырлық арқылы нығайтуда.

#ТазаҚазақстан #устойчивоеразвитие #чистаястрана #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan