*Қарасу ауданында су бұру арнасын салуды аяқтауға Үкімет резервінен 1 миллиард теңге бөлінді*

*Қарасу ауданында су бұру арнасын салуды аяқтауға Үкімет резервінен 1 миллиард теңге бөлінді*

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқынына қарсы бөгеттер мен гидротехникалық құрылыстар салу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Қостанай облысындағы ірі инфрақұрылымдық жобаны аяқтауға қосымша қаржы бөлінді. Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойған Үкімет қаулысына сәйкес, Қарасу ауданында су бұру арнасын салуға Үкімет резервінен 1 миллиард теңге қарастырылды.

2024 жылғы көктемгі су тасқыны Қарасу ауданы аумағында бес көл — Тимтуир, Қойбағар, Алабота, Биесойған және Жаншора көлдерінің қосылуына себеп болды. Соның салдарынан жалпы ауданы 621 шаршы шақырым болатын су басу аймағы қалыптасты. Табиғи апат нәтижесінде ұзындығы 38 шақырымды құрайтын 234 электр беру желісінің тірегі су астында қалды. Бұл — аудан бойынша жалпы электр желілерінің 15,5 пайызы. Егер бұл тіректер құлаған жағдайда, шамамен 10 мың тұрғыны бар 2 426 абонент пен 114 ауыл шаруашылығы құрылымы электр қуатынсыз қалу қаупі туындаған болатын.

Сонымен қатар, су тасқыны аймағында облыстық және аудандық маңызы бар жолдар, байланыс желілері, егістік алқаптар мен жайылымдар орналасқан. Осы жағдайды ескере отырып, Қостанай облысы әкімдігі Қарасу ауданында ұзындығы 14,2 шақырым болатын су бұру арнасын салу жобасын әзірледі.

Жобаның жалпы құны — 1,9 миллиард теңге. Оның бір бөлігі облыстық бюджеттен бөлінді. Үкімет резервінен бөлінген қаражат құрылысты уақытылы аяқтауға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда 1,5 миллиард текше метрден астам суды бұру жұмыстары сәтті жүргізілді. Алда әлі де 6 миллион текше метр топырақты шығару және жобада қарастырылған қорғаныс нысандарын салу жоспарланып отыр. Бұл жұмыс Қарасу ауданында су тасқыны қатерін азайтып қана қоймай, жердің дренаждық жағдайын жақсартуға және ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғауға септігін тигізеді.

Жобаның жүзеге асырылуы уәкілетті мемлекеттік органдар мен облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында. Су бұру арнасының құрылысы өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды қадам болмақ.