Жастар, бизнес және қоғам – өңірдегі құқықтық назардың басты нысанында

Жастар, бизнес және қоғам – өңірдегі құқықтық назардың басты нысанында

«Заң және тәртіп» идеологиясы аясында Қостанай облысында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғам мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған іс-шаралар өткізіліп келеді.

«Жастар — әділетті қоғамның іргетасы» форумы

Жастардың әділетті әрі қауіпсіз қоғам құрудағы рөлін айқындауға арналған бұл форум өңірдің маңызды оқиғаларының бірі болды. Форумның басты мақсаты — жастардың құқықтық санасын қалыптастыру, олардың заңгерлік сауаттылығын арттыру және құқыққа қайшы әрекеттерге тартылу тәуекелін төмендету.

Шара барысында цифрлық алаяқтық тақырыбына айрықша назар аударылды. Қатысушыларға алаяқтар ұрланған қаражатты шешіп алуға және қолма-қол ақшаға айналдыруға пайдаланатын «дропперлердің» кім екені түсіндірілді. Жастарды қырағы болуға, қылмыстық схемалардың құрбанына айналмауға шақырды.

Форум аясында жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған жаңа профилактикалық жоба таныстырылды.

«Мемлекет қорғауындағы бизнес» форумы

24 маусым күні Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасында «Мемлекет қорғауындағы бизнес» тақырыбында диалогтық форум өтті. Оған прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, полиция, экономикалық тергеу, құқықтық статистика және арнайы есеп департаменттерінің өкілдері қатысты.

Кездесу барысында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және бизнес пен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Мұндай формат Палата мен қадағалау органдары арасында бұған дейін жасалған меморандумдар нәтижесінде мүмкін болды.

Форумда Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мәселесіне ерекше назар аударылды. Яғни, прокуратура тек ірі инфрақұрылымдық жобаларды ғана емес, сондай-ақ шағын және орта бизнестің де өзекті мәселелерін бақылауға алуы тиіс. Қатысушылар Бас прокуратурада Мемлекет басшысының қатысуымен өткен алқа отырысында белгіленген жаңа бағыттарды талқылап, алдағы ынтымақтастық туралы уағдаласты.

Осындай шаралар өңірде заңдылықты нығайтуға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және қоғам мен мемлекеттің тиімді диалогын жолға қоюға бағытталған жүйелі жұмысты айқын көрсетеді.