Экология, абаттандыру және аумақтардың тұрақты дамуы – Мемлекет басшысы айқындаған басты басымдықтардың бірі. Осы тұрғыда «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүйелі түрде жүзеге асыру ерекше маңызға ие.
Бұл бастама жүйелі түрде іске асырылып жатқан өңірлердің бірі – Қостанай облысы. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кезекті отырысында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасап, өңірдің экологиялық саясатты жүзеге асырудағы нәтижелері мен тәсілдерін таныстырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біздің алдымызға маңызды міндет қойды – халықтың экологиялық санасын қалыптастыру. «Тазалық – әр адамнан, әр үйден, әр қаладан басталады» деген ұстанымды біз өңір тұрғындары арасында жүйелі түрде насихаттап келеміз, – деп атап өтті Құмар Ақсақалов.
Қостанай облысы бұл бағытта кешенді әрі нәтижелі тәсіл ұстануда.
Көпқабатты тұрғын үйлер қоры елеулі түрде жаңартылды: шатырлар, балкондар және қасбеттер ауыстырылған 191 үй жөнделді. Қалалар мен аудандарда ескі және апатты үйлер бұзылды. Босап қалған жер учаскелері қазіргі заманғы абаттандыру нысандарына – балалар және спорт алаңдарына айналдырылуда.
Сонымен қатар, тазалық пен санитарлық нормаларға қойылатын талаптар енгізілуде. Қауіпсіздік пен тазалықты бақылау үшін 1500 бейнебақылау камерасы орнатылды. Сондай-ақ 1500 жаңа қоқыс контейнері аулалар мен көшелерге қойылып, қатты тұрмыстық қалдықтарды жүйелі және үзіліссіз шығаратын 11 арнайы коммуналдық техника алынды. Осы шаралардың арқасында өңір қалалары ұқыпты, күтімді және заманауи келбетке ие бола бастады.
Көше жарығын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде – 4 мыңнан астам көшеге 48 мыңнан астам жарық шамдары орнатылып, жарықтандыру деңгейі 57%-дан 90%-ға дейін артты. Биылғы жылы барлық көшелер 100% жарықтандырылатын болады.
Соңғы екі жылда 87 саябақ пен сквер абаттандырылды, 293 балалар және спорттық алаң салынды.
Бағдарлама аясында қалаларға жоспарлау және экологиялық талаптар қойылып отыр. Қолданыста жоқ әрбір жер телімі тұрғындар үшін қолжетімді парк, сквер немесе жасыл аймаққа айналуға тиіс. Облыс орталығында қазіргі таңда 6 демалыс аймағы жұмыс істейді, ал биыл 39 гектар аумақта Триатлон паркі салынып бітеді – бұл қаладағы ең ірі рекреациялық кластер болады. Сонымен қатар, 25 субұрқақ қайта жаңғыртылып, екінші тыныс алды.
Ауылдық елді мекендерде де ауқымды жұмыс жүргізілуде. 4000 ауыл көшесіне жарық тартылып, 65 ауылда балалар мен спорт алаңдары салынды. Ауылдарды абаттандыру қатаң стандарттармен жүзеге асырылады: аумақтың тазалығы, қоқыс шығару және санитарлық талаптардың орындалуы басты назарда.
Өңірде экологиялық күн тәртібі тұрғындардың күнделікті мәдениеті мен әдетіне айналуда.
Креатив пен ынтымақтың жарқын үлгісі – жыл сайын танымалдылығы артып келе жатқан «Үздік аула» байқауы. Тұрғындар аулаларын гүлзарлармен, сәндік орындықтармен, балалар алаңдарымен безендіріп, айналаны көркейтіп жатыр.
Оқушылар да бұл іске белсенді атсалысуда. Олардың қатысуымен 2000-нан астам экологиялық іс-шара өткізіліп, 95 мыңға жуық бала мен жасөспірім қамтылды. 332 мектепте «Жасыл клубтар», экотоптар, мектеп орманшылықтары, жылыжайлар мен гидропоника зертханалары жұмыс істейді. Жаз мезгілінде 600-ден астам мектеп бригадасы көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарына қатысады, ал 1000-нан астам белсенді жас «Ауламызды көркейтеміз» жобасына жұмылдырылған.
Облыс әкімінің айтуынша, бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігі де маңызды рөл атқарады. Қостанай кәсіпкерлері тек көгалдандыру мен абаттандыруға емес, ауыл тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартуға өз миссиясы ретінде қарайды. Өткен жылы ауыл шаруашылығы құрылымдары 7 млрд теңгеден астам сомаға меморандумдар аясында әлеуметтік жобаларды іске асырды.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыруда халықтың қоршаған ортаны ластаудың кез келген көрінісіне төзбеушілігі маңызды факторға айналуда.
Әлеуметтік сауалнама нәтижесі бойынша, тұрғындардың 73%-дан астамы бағдарлама нәтижесіне қанағаттанған. Бұл – «Таза Қазақстан» бағдарламасының өңірде жүйелі түрде іске асырылып жатқанын, әрбір қадам нақты нәтиже беріп жатқанын көрсетеді.